23 мам, 2022 сағат 12:35

Ресейлік блогер қазақстандықтардан неге кешірім сұрады?


Ресейлік танымал блогер Даня Милохин қоғамда дау тудырған сөзінен кейін қазақстандықтардан кешірім сұрады. Бұл туралы ол Instagram-дағы сториінде жазды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Еске салайық, Қазақстанға келген ресейлік блогер Даня Милохин елдегі музыканттарға қатысты пікір білдіремін деп басы дауға қалған еді. Даня Милохин мен Аня Покров отандық бағдарламалардың бірінде Ninety One тобының "Мен емес" әніне баға береді. "Клип түсіруге ақшасы бардай...", дейді ол. Блогердің бұл пікірі Желіде қызу талқыланды.

Оқиғадан кейін қазақстандықтар Милохинге өз еліне қайтуға кеңес берген. Блогер жағдайдың ушығып кеткенін аңғарып, Instagram желісіндегі парақшасында жазба қалдырды.

"Қазақтар, сіздерді жақсы көремін. Сіздерге тіл тигіземін деп ешқашан ойлаған емеспін. Өзім байқамай ренжітіп қойсам, кешірім сұраймын", - деп жазды ол.


Милохиннің сториінен тағы бір ресейлік блогер Аня Покровты байқауға болады. Екеуі Алматының тауына шығып, Қазақстандағы сапарлары туралы айтады.

"Бұл Қазақстан емес, таза Швейцария ғой. Мен жұмақты көре алдым. Қазақстанға ғашық болып қалдым", - дейді Аня.