03 ақп, 2021 сағат 14:29

Ресейдің Красноярск қаласында қойма өртеніп, үш өрт сөндіруші мерт болды

Ресейдің Красноярск өңіріндегі автобөлшектер қоймасында өрт кезінде жоғалып кеткен үш өрт сөндіруші мерт болды, деп хабарлайды ресейлік ТАСС агенттігі.

«Болжам бойынша, олардың үстіне шатыр құлап, қаза тапқан», - деді құқық қорғау органдарының өкілі. 

Сондай-ақ, ол оттегі баллондары 40 минутқа есептелгенін айтты. Ал өрт сөндірушілермен байланыс бір сағаттан аса уақыт бұрын үзілген. 

Ресейлік БАҚ бұған дейін Красноярскідегі автобөлшектер қоймасында болған өртті сөндіру кезінде үш өрт сөндірушімен байланыстың үзілгені, оларды іздеу жалғасып жатқанын хабарлады. 

Жедел қызмет өкілінің сөзінше, олар түтін басқан ғимарат ішінде бағытын жоғалтып алған тәрізді. 

«Болжам бойынша, қоймада жоғалып кеткен адамдарды іздеуге барған газ-түтіннен қорғау қызметінің үш қызметкері ғимаратты қатты түтін басып, ештеңе көрінбей қалғандықтан бағытын жоғалтып алған. Содан кейін оларда оттегі таусылып, ғимараттың шатыры құлап үшеуі де мерт болған», - деді дереккөз. 

ТЖМ куәгерлердің сөзін негізге ала отырып, қоймада 1-2 адам болуы мүмкін екенін айтты. Оларды іздеу үшін газ-түтіннен қорғау қызметінің бес тобы жұмылдырылған. Бірнеше уақыт өткен соң үш адамнан құралған алғашқы топпен байланыс үзілді. 

Ресей ТЖМ бас басқармасының өңірлік басшысы Игорь Лисин журналистерге өрт сөндіру күші мен құралдарын арттырып жатқанын мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта тілсіз жауды ауыздықтауға 148 адам мен 43 техника жұмылдырылды», -деді ол.