Ресейде коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы күн санап нашарлауда. Бұл туралы елдің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлады.
Санкт-Петербургте инфекция жұқтыру оқиғалары санының өскені соншалық, инфекциялық ауруханалардағы палаталар санының тапшылығы байқалуда. Соңғы тәулікте короновирустық инфекцияның 1019 жаңа жағдайы тіркелген.
Қалада вирустық инфекцияға шалдыққан науқастарға арналған ауруханаларда 9000-нан астам орын ұйымдастырылса, олардың 90%-ы бос емес. Осылайша, шаһарда №15 ауруханадағы инфекциялық бөлімде орындар жетіспегендіктен, науқастастар еденге жатқызылуда.
Қаладағы жағдайдың күрделене түсуіне үндістандық Дельта штаммының пайда болуы, сонымен қатар, адамдардың вакцина салдырудан бас тартуы және карантин шектеулерінің сақталмауы себеп.
Коронавирустық инфекцияны жұқтыру оқиғалары санының артуына байланысты ресейлік ғалымдар 30 маусымнан бастап елде инфекциялық ауруды жұқтыру деректерінің ең жоғарғы көрсеткіші мәнінің шектен асуын болжайды.
Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің математиктерінің болжауынша, осы айдың соңынан бастап коронавирустық инфекцияны тәулігіне 20 000-нан астам адам жұқтыруы мүмкін.