Ресей Федерациясының Владимир облысында көлік апатына ұшыраған қазақстандық Нұрғали Сарманов уақытша орналастыру пунктінде жатыр. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов телефон арқылы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еске салсақ, Ресейдегі жол-көлік апатынан зардап шеккен Қазақстан азаматтарының есімдері анықталып, олардың Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары екендігі белгілі болған еді.
«Ресейдегі қазақстандық дипломаттар көлік апатынан қаза тапқан азаматтың мәйітін елге жеткізу мәселесін талқылауда және оның туыстарымен тұрақты байланыс орнатқан», - деді Әнуар Жайнақов.
Бұған дейін Ресей Федерациясының Владимир облысында көлік апатына ұшырап, уақытша орналастыру пунктіне орналастырылған Өзбекстан азаматтары елдеріне сенбі күні ұшақпен қайтарылатындығы туралы ТАСС хабарлады.
Айта кетейік, Ресей Федерациясының Владимир облысында Қазақстаннан шыққан автобус жол апатына ұшырағаны туралы бұған дейін хабарлаған едік. Владимир облыстық ТЖМ-нің мәліметтеріне сүйенсек, апатқа ұшыраған автобуста 55 Өзбекстан азаматы және 2 жүргізушісі қазақстандық болған.