Ресейде коронавирус жұқтырғандардың саны бір тәулікте 25 704-ке өсіп, 5 907 999-ға жетті. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлайды.
Ресейдің федералды штабы таратқан мәліметке сәйкес, салыстырмалы түрде жұқтырғандардың өсу үлесі – 0,44%. Атап айтқанда, бір тәулікте Мәскеу облысында 2 484, Санкт-Петербургте 1 948, Нижегород облысында 529, Краснояр аймағында 481, Свердлов облысында 478 адамнан инфекция анықталған.
Қазіргі кезде елде 460 223 адам ем алуда.
Коронавирустан көз жұмғандар саны бір тәулікте 799-ға өскен, кеше бұл көрсеткіш 791 болған. Бұл пандемия басталғаннан бергі рекордтық көрсеткіш болып отыр. Штаб деректеріне сай, шартты өлім үлесі (нақты деректер эпидемия аяқталғаннан кейін ғана белгілі болады) 2,49%-ға дейін көтерілген.