19 қар, 2018 сағат 15:10

Ресейде 17 жолаушы мінген қазақстандық автобус аударылды

Қазақстаннан Ресейдің Екатеринбург қаласына бара жатқан автобус жолда аударылды. Апат Астана уақытымен таңғы тоғызда Екатеринбург — Шадринск — Курган жолының 60-шы километрінде болды, деп хабарлайды Sputnik РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.

"Бастапқы деректер бойынша, автобус жүргізушісі Қазақстан – Екатеринбург бағдарымен келе жатып (салонда 17 адам болған), рөлге ие бола алмай, жыраға түсіп кеткен. Автобус бір қырына аударылып қалды", — делінген хабарламада.

Апат кезінде 1985 жылы туған жолаушы зардап шекті. Миы шайқалып, басы мен қолы жараланған әйелді Свердлов облысы Белоярск ауылындағы ауруханаға жеткізген.

Естеріңізге сала кетсек, 17 қарашада Саратовтан Ульяновск қаласына бара жатқан автобус теміржол өткелінде пойызбен соқтығысып қалды. Салдарынан автобуста болған бес өзбек азаматы ажал құшқан. Екі қазақстандық – жүргізуші мен оны алмастырушы ауруханаға түсті. Кейінірек жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

«Осыдан екі күн бұрын қазақстандық автобус Ресей Федерациясының Саратов облысында теміржол пойызымен соқтығысып, салдарынан бес адам қаза тапты. Автобустың ішінде жеті жолаушы болған. Оның бесеуі көз жұмды. Қаза тапқандардың барлығы Өзбекстан азаматы. Жүргізуші және оның көмекшісі Қазақстан азаматтары. Олар тірі. Бірақ, жағдайлары өте ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр. Туыстары сол жақта. Хабар берілді. Тергеу жүргізіліп жатыр. Біздің Астрахандағы консул бұл мәселені ерекше бақылауына алып, күнделікті жұмысын жүргізіп жатыр», - деді осы оқиғаға қатысты пікір білдірген ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.