10 шілдеден бастап азаматтар Ресей шекарасын кесіп өту үшін ПТР сынамасының бар екенін «Путешествую без COVID-19» бағдарламасы арқылы растауы қажет, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл жайында Қазақстанда коронавирустың таралуының алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия мәлімет таратты.
«Қазақстан азаматтарының назарына! 10 шілдеден бастап Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасын кесіп өту үшін COVID-19 ПТР сынамасының болуын «Путешествую без COVID-19» бағдарламасы арқылы растау қажет болады. Алдымен қосымшаны жүктеу керек, содан кейін өтінімде көрсетілген тізімнен ең жақын зертхананы таңдау керек.
Осыдан кейін ПТР сынағынан өтіп, нәтижесін алғаннан кейін QR кодын сканерлеу арқылы «Тестілер» бөліміндегі қосымшаға жүктеуіңіз керек (кодты зертхана береді). Шекарадан өткен кезде шекарашыларға осы кодты көрсетесіз.
Ресей Федерациясының бас санитар дәрігерінің қаулысындағы өзгеріске сәйкес Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекет азаматтары (Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы) 10 шілдеден бастап Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде «Путешествую без COVID-19» мобильді қосымшасын қолдана отырып, COVID-19 ПТР-нің теріс нәтижесінің болуын (Ресейге келгенге дейін 72 сағаттан аспаған) растауы тиіс» делінген комиссия таратқан хабарламада.