Ресей мен Еуропа елдерінде коронавирус жұқтырғандар саны өскен. Бұл туралы COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК телеграм каналы хабарлады.
Ресей Федерациясында КВИ өршіп тұр. Ауру жұқтыру дерегі мен қаза тапқандар саны күн сайын артуда. Бұл тенденцияны тек Мәскеу қаласында ғана оң бағытқа өзгерту мүмкін болған. Пандемия басталғаннан бері 5,68 миллион COVID-19 жұқтыру дерегі тіркеліп, 140 000 адам қайтыс болған. 18,5 миллион адам вакцинаның толық компонентін алған, 26,8 миллион азамат вакцинаның алғашқы дозасын алды.
Вакцинацияны жеделдетуге бағытталған биліктің әрекеті өз нәтижесін беруде - егер мамыр айында күніне 300 мыңға жуық вакцина салынса, қазір бұл сан 674 мыңға жетіп отыр. Егер мұндай көрсеткіш сақталса, Ресейдің ересек тұрғындарының 60%-ына вакцина егу үшін тағы 80 күн қажет болады.
Еуропада коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайларының артуы тіркеліп отыр. ДДСҰ мәліметі бойынша, өткен аптада бұл көрсеткіш 10%-ға артты. Өсім 53 елде тіркелді. Бұл жағдай ЕО мемлекеттері арасында туристік саяхаттардың артуы салдарынан және COVID-19-дың бұрынғыдан да жұқпалы түрі дельта-штаммының тез таралуынан орын алған. Сонымен қатар, ДДСҰ өкілдерінің мәлімдемесі бойынша, Еуропа елдері үкіметтерінің орасан зор екпе салдыру жұмыстарына қарамастан, миллиондаған адамдар вакцинация салдырмай отыр.