11 там, 2020 сағат 14:05

Ресей әлемде алғашқы болып коронавирусқа қарсы вакцинаны тіркеді

РФ Президенті Владимир Путин Үкімет мүшелерімен өткен жиынды аша отырып, Ресейде коронавирус инфекциясына қарсы вакцина әлемде алғашқы болып тіркелгенін мәлімдеді. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлайды.

«Менің білуімше, бүгін таңертең жаңа коронавирус инфекциясына қарсы әлемдегі алғашқы вакцина тіркелді», - деді Президент. 

Путин Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Михаил Мурашкодан осы туралы толығырақ мәлімет беруін сұрады. 

«Мен оның айтарлықтай тиімді жұмыс істеп жатқанын білемін, иммунитетті ауруға қарсы етіп қалыптастырады. Қайталаймын, ол барлық қажетті тексерулерден өтті», - деді министр. 

Бұдан бұрын М.Мурашко РФ Денсаулық сақтау министрлігі Н.Ф. Гамалея атындағы ұлттық эпидемиология және микробиология зерттеу орталығы жасап шығарған екпенің клиникалық сынақтан өткенін мәлім еткен болатын. 

Путин атап өткендей, Ресейде тіркелген коронавирусқа қарсы вакцинаны жаппай шығаруды таяу уақытта бастау қажет. Бірақ оны егу ерікті түрде жүзеге асырылмақ. 

«Біз таяу уақытта жаппай шығара бастаймыз деп үміттенемін, ең бастысы осы», - деді ол.

Сондай-ақ РФ басшысы уақыт өте келе әлемде коронавирусқа қарсы көптеген вакцина пайда болатынына үміт білдірді.

Айта кетейік, 1957 жылы алғаш ұшырылған жасанды Жер серігіне ұқсастығына байланысты коронавирусқа қарсы тіркелген әлемдегі алғашқы вакцина "Спутник V" деп аталған.

"Спутник-1" әлем бойынша ғарыштық зерттеу белсенділігін арттырды. Ресейлік COVID-19 вирусына қарсы жаңа вакцина да әлемдік қауымдастық үшін "Спутник" сияқты әсер етті. Сондықтан да осындай салыстыру вакцинаға "Спутник V" атауын берді, делінген вакцина атауына қатысты таратылған хабарламада.

Ресей президентінің айтуынша, оның қыздарының бірі жаңа вакцинаның әсерін бастан өткерген.

18 маусымда басталған клиникалық сынақтар екі айдан аз уақытқа созылды. COVID-19-ге қарсы алғашқы вакцинаны 38 ерікті өзіне салдырып, сынап көрді. Экспериментке қатысушыларға жүргізілген зерттеу нәтижелері иммунитеттің дамығанын көрсеткен.

 

Алайда, вакцинаны жасаушылар бұл барлық адамдарға жарай бермейтінін ескертеді. Өйткені, созылмалы аурулары бар адамдарда бұл кері әсерін тигізуі мүмкін.