Ресейдің көлік полициясы оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың ауруханаға түсуіне байланысты тексеру жұмыстарын бастады. Бұл туралы ішкі істер министрлігі хабарлады. Көлік прокуратурасы да оқиғаны зерттей бастаған.
Ресми ақпарат бойынша, полиция саясаткер тоқтаған Томскідегі қонақ үйді қарап, "жүзден астам зат" тәркілеген, видео камералардағы деректі саралаған. Ведомство әзірге "ағзаға қатты әсер ететін немесе есірткі заттары" табылмады деді.
Ресей президенті Владимир Путиннің қарсыласы, жемқорлыққа қарсы науқан жүргізген Алексей Навальный 20 тамызда Томскіден Мәскеуге бара жатқан ұшақтың ішінде есінен талып, артынан комаға түскен. Навальный ұшаққа отырмас бұрын Томск әуежайында бір кесе шәй ішкен. Оның жақтастары сол шәйға у қосылған деп санайды. Ал оны Омбыда емдеген дәрігерлер бұған дейін зат алмасу процесінің бұзылғанын, ағзасынан қауіпті зат табылмады деп хабарлаған болатын.
22 тамызда саясаткердің туыстары мен жақтастарының өтініші бойынша Навальный Германиядағы "Шарите" клиникасына ауыстырылған. Осы апта басында неміс дәрігерлері оның ағзасынан қауіпті зат табылғанын хабарлаған.
Бұған дейін саясаткердің отбасы мен жақтастары "қоғам белсендісінің өміріне қастандық жасау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғауды талап еткен. Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков оқиғаның мән-жайы толық аяқталмайынша іс қозғауға негіз жоқ деп айтқан еді.
Батыс елдері Ресей билігін Навальныйдың улануын жан-жақты зерттеуге шақырған. АҚШ пен Еуроодақ оппозициялық саясаткердің улануына биліктің қатысы бары расталса, санкция салатынын айтып ескерткен.