28 мам, 2021 сағат 19:25

Ресей ғылымы Алтын Орда тарихын қайта қарап жатыр – Марат Гибатдинов


«Ұлық Ұлыс - Алтын Орда: бастауы, тарихы және мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда татар ғалымы Марат Гибатдинов Ресей ғылымының Алтын Орда туралы пайымы қандай эволюцияны бастан өткеріп жатқанын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Х.Фаезханов атындағы Ұлттық білім беру тарихы мен теориясы орталығы басшысының міндетін атқарушы, Татарстан Республикасы ғылым академиясының тарих институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының доктары Марат Гибатдиновтың айтуынша, Татарстанда Алтын Орданы нағыз ғылыми негізде зерттеу тек тоқсаныншы жылдары ғана жолға қойылған. Бұл зерттеулер біртіндеп, Ресей ғылымының да аталмыш мәселеге басқа қырынан қарауына түрткі болса керек. 

«Алтын Орда тақырыбы тек Қазақстан үшін ғана емес, татарлар мен түркі әлемі үшін ғана емес, бүкіл Ресей үшін де өте өзекті. Алтын Орда тарихын Ресей оқулықтарында «Орда шапқыншылығы» деп сипаттаудың кесірінен ғылыми еңбектер мен жарияланымдарда қанша дау мен дақпырт болғанын бәріңіз білетін шығарсыздар. Абырой болғанда, бүгін Ресей Федерациясы бұл тұжырымды қайта қарау керектігін түсініп отыр. Енді оқулықтарда бір кездегідей «Орда шапқыншылығы» немесе «татар-монғол езгісі» деген ұғымдарды көрмейсіздер. Яғни бұл кезеңнің тарихы қазір Ресейде ресми түрде тарихи шындыққа жақын сипаттала бастады», - деді ғалым. 

Таратстаннан онлайн байланыс арқылы сөз сөйлеген тарихшы Алтын Орда тарихын насхаттау ісінде әлі де шешімін тапппаған мәселелер туралы да сөз қозғады. 

«Оқулықтар жөнге келгенімен, әлі де болса Алтын Орда тарихын Ресейдің тұтас тарихынан бөліп қарау белең алып отыр. Ресей тарихындағы Алтын Орданың орны туралы сөз болғанда басқыншылық кезеңі мен азаттық күрес жылдары ғана оқытылып жүр. Ал Алтын Орда өркениетінің мәдени, ғылыми, мемлекеттік басқару мұрасы туралы көп айтылмайды. Оның өркениеті туралы Ресейден бөлек бір елдің, бөтен өркениетіне ойша саяхат сипатында берілген», - дейді Марат Гибатдинов. 

Татар ғалымы сөзінің соңында Алтын Орда тарихы Еуразия кеңістігіндегі ондаған мемлекет пен халықтың ортақ тарихы болғандықтан, оны жеке-жеке зерделемей, бірлесіп зерттеп, ортақ пайымға келудің маңызы зор екенін баса айтты.