14 мам, 2020 сағат 18:00

Ресей батыс басылымдарын вирустан қайтыс болғандар саны туралы мақалаларды жоққа шығаруға шақырды

Ресейдің сыртқы істер министрлігі британдық Financial Times және америкалық The New York Times басылымына хат жолдап, Ресейде коронавирустан қайтыс болғандар саны туралы мәліметті жоққа шығаруды талап етті. Бұл туралы сәрсенбі күні сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова мәлімдеді. Ведомство өкілі мақалаларды "жоқ жерден спекуляция жасау" және Ресейді қаралауды көздейтін "кезекті сенсациялық жалған ақпарат" деп атады. 

The New York Times басылымы мақаланың ресми дерек негізінде жасалған талдауға сүйеніп жазылғанын мәлімдеді. "Мақалада келтірілген фактілерге күмән жоқ" деді The New York Times басылымының коммуникация жөніндегі вице-президенті Даниэль Роадс.

Financial Times және The New York Times-та жарияланған мақалаларда Мәскеу мен Санкт-Петербургте коронавирустан қайтыс болғандар саны ресми статистикада келтірілген көрсеткіштен 70 пайызға артық болуы мүмкін екені айтылған. Екі басылым да сәуір айындағы адам өлімі туралы ресми мәліметті сараптаған. Зерттеуге сәйкес, Мәскеуде соңғы жылдардағы өлім көрсеткішімен салыстырғанда 2020 жылы сәуірде қайтыс болғандар саны орташа көрсеткіштен шамамен 2 мың адамға артық. Ал ресми мәлімет бойынша Мәскеуде 642 адам коронавирустан көз жұмған. 

Мәскеу қалалық денсаулық сақтау департаменті сәрсенбі күні мәлімдеме таратып, ақпарат құралдарында жарияланған қаладағы адам өлімі көрсеткіші туралы деректі жоққа шығарған. Мәлімдемеде коронавирус жұққан пациенттер өлімінің шамамен 60 пайызы ресми статистикаға қосылмайтыны, себебі олардың өліміне өзге аурулар себеп болғаны жазылған.

Соңғы мәлімет бойынша, Ресейде 252 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған, 53 мыңнан астам адам жазылған. 2305 адам қайтыс болған.