Отандық арналардың бірінде саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау ісі бойынша комиссия мүшелерінің қатысуымен үлкен талқылау өтті. Осы талқылауға арнайы қатысқан ҚР БҒМ Мемлекеттік тарих институты директорының орынбасары, тарих ғылымының докторы, Комиссия мүшесі Бүркітбай Аяған алдымен «толық ақтаудың» мәніне тоқталды, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
«Неге Президенттің Жарлығында «толық ақтау» дейді? Себебі 90 жылдары нешеуі ақталған, кімге қағаз қозғалған, прокуратурада істері бар, көпшілігі соттың шешімі емес. «Үштіктің» шешімі. Мәдениетті елдерде адамды босату немесе қамау тек соттың құзырында. Ал бұларда билік араласқан. Тіпті, Алаштың ардақты зиялыларының әйелдері, отбасылары соттың шешімімен емес, «екіліктің», «үштіктің» шешімімен айдалып кетті. Ол аз болғандай, біз қазір тек қана зиялы қауымды айтамыз, шын мәнінде сталиндік режим қарапайым халықты айдаған. Колхозшылар, жұмысшылар, тұтқынға түсіп қалып, елім деп қайтып келген тұтқындар бар, солардың барлығы 15-20 жылға кетті. Мысалы Айткеш Тойғанбаев, Сүлеймен Бекенов қызылордадан, айта берсек көп.
Яғни біз оны, комиссия санат-санат бойынша бөліп жұмыс істейді. Негізінен комиссияның ұйымдастыру кезеңі аяқталды. Көптеген жұмыс істелді. Бірақ ең қызық жұмыс, ең ауыр жұмыс, менің ойымша әлі алда. Қысқаша айтсам, әрине, тапқан, жинаған құжаттардың құпиясыздандырылуы. Ең сұмдығы осы құжаттар ҰҚК, ІІМ, Бас прокуратураның құжаттары осы уақытқа дейін құпиясыздандырылмаған. Енді солар биыл кәдімгі ғылыми айналымға шыға бастайды. Яғни әр азамат барып онымен танысуға мүмкіндігі болады. Одан кейін бұл деректер кинода, деректі фильмде, кітапта, оқулықтарда кәдімгі танысу сияқты шаралар болуы тиіс. Енді ел таныса бастайды», – дейді тарихшы Бүркітбай Аяған.
Оның айтуынша, осы күнге дейін комиссия жұмысын жариялаған жоқ, негізі ғалымдар жұмыс істеген. Республика бойынша 300-дей ғалым жұмыс істеді.
«Негізгі жұмыс Алматы мен Елордада болғанымен, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Шымкент, Маңғыстау сияқты барлық өңірлерде көп жұмыс істеліп жатыр. Мысалы, шаруалар көтерілісі болған, Адай көтерілісі болған, Орал, Созақ көтерілістері болған, Отардың бойында үлкен көтерілістер болған, солардың барлығы адамдарды қинау, ату, қамау сияқты жазалар қолданды. Ең оңай кеткендердің меншіктерін тартып алды, соның өзі зорлыққа жатады. Осының бәрін ашып көрсетпесек, бұл шер сияқты қалып кетеді іште», – дейді белгілі ғалым, тарих ғылымының докторы, комиссия мүшесі Бүркітбай Аяған.
Сонымен қатар, ол репрессияға ұшырағандарды құл ретінде пайдаланып, олардың балаларын да соттаған. Лагерь деген желеумен қолдан түрмелер жасап отырған.
«Менің таңғалғаным, мектептегі балаларды көп соттаған екен. Бірінші санат, халық жауының балалары дейді. Байқамай сөйлеп қалғандарға да арнайы бап енгізген.
Одан кейін, екіншіден, таңғаласыз, жұрт лагерь деген барлығын бір жерге жинап қоятын жер деп ойлайды. Қулық қайда жатыр? Бұлардың біразы АЛЖИР сияқты лагерьде отырған. Мысалы, Карлакта. Бұлардың көбі 58, 59, 60 баптар бойынша Екібастұз салған, теміржол салған, Шу бекетін салған. Яғни оларды құл ретінде пайдаланып, қара жұмысқа салған. Сондай сұмдық нәрсе, біз Солтүстік Қазақстанда таптық, бірнеше түрмелерді уақытша түрме дейді. Шаруаларды, байларды қудалай бастады ғой. Сол уақытта шеткі жақтан дереу түрме ашып жібереді. Ас бермейді. Олар 3-6 ай жатады, сосын Сібірге кете ме, атыла ма, белгісіз. Дайындалмаған, жататын орын, ішетін тамақ жоқ жерде мал сияқты ұстайды да, кәдімгі жан-жаққа лақтыра бастайды», – дейді белгілі ғалым, тарих ғылымының докторы, комиссия мүшесі Бүркітбай Аяған.
Баршаңызға белгілі, кеңестік заңдарға концетрациялық лагерь деген сөз кірді, осы уақытша ашылған осындай жерлерді ресми концетрациялық лагерь деп атады. Ал Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Борашевтың айтуынша, бұл - жұмыстың басы ғана.
«Расында қазір ғалымдар құпия құжаттармен жұмыс жүргізіп жатыр. Ол көпшілікке әлі жеткен жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігінен, Әділет министрілігінен барлығы арнайы келіп, өз салаларына қатыстыны қарап жатыр. Неге толық ақтау? Жоғарыда айтқандай жазықсыз жапа шеккендер бар, сол режимнің құрбанына айналған, әлеуметтік-шаруашылық кезеңдерде. Сонымен қатар таза қылмыс жасағандар да бар. Оны жасырудың қажеті жоқ, кісі өлімдері бар, кәдімгі қылмыскерлер бар. Осының ара-жігін ғалымдар анықтау керек. Бәрін бір науқанға салып жіберіп, бәрін бірдей ақтап тастау емес. Құжаттарды жеке-жеке ақтарған кезде, біздің сол кезеңдердегі барлық жағдайымыз ашылады», – дейді Қуат Борашев.