Голландияның атақты суретшісі, әлемге әйгілі Рембрандт Харменс ван Рейнді кім білмейді. Оның «Түнгі күзет», «Адасқан ұлдың оралуы», «Даная» және т.б. туындылары адамзаттың сәулет өнерінің үздік туындылары ретінде белгілі. Солардың арасында ұлы суретшінің 1635 жылы салынған «Ганимедтің ұрлануы» атты картинасының өзіндік орны және ерекшеліктері бар. Ганимед грек аңызындағы тарихи тұлға. Оны құдайлардың құдіреттісі Зевс өзінің бүркіті арқылы ұрлап кетіп, аспандағы Суқұйғыш жұлдыздары шоғырына орналастырған деген әңгіме таралған. Осы таңғажайып аңыз талайды рухтандырып, 1537-1541 жылдары алғаш Батиста Франко Венецианскийдің «Монтемурлодағы шайқас және Ганимедтің ұрлануы» атты атақты картинасының өмірге келуіне себеп болса, ал 1611 жылы Питер Пауль Рубенстің «Ганимедтің ұрлануы» туындысына тақырып болды. Арада біраз уақыттан соң, 1650 жылы осы аңызбен рухтанған суретші Эташ ле Сюердің тағы бір «Ганимедтің ұрлануы атты» еңбегі өмірге келді. Бұл шығарма қазір әйгілі Лувр музейінде сақтаулы. Ақырында бұл тақырыпқа суретші К.В.Аллерсте қалам тартып, дәл осындай атпен 1913 жылы өзінің жаңа картинасын бітірді. Бұлардан басқа да қылқаламдарынан Ганимедтің көркем де сұлу бейнесі туындаған белгілі суретшілер баршылық.
Айта кетер бір нәрсе, бұл атақты туындылардың бәрі бір тақырыпқа арнала тұрса да олар біріне-бірі ұқсамайды. Мысалы, Рембрандтта Ганимед жас ана сүтінен арылмаған балпанақтай сәби түрінде көрсетілсе, басқаларда ол ересек немесе балаң жігіт түрінде бейнеленген. Алайда, бұлардың бәріне ортақ нәрсе – қуатты бүркіттің Ганимедті зәулім аспанға көтере ұшып бара жатқанын айшықты бейнелеу. Мұнда бүркіт негізінен алғанда Ганимедтің аяғын өзінің қуатты тырнақтарымен бүріп алып, аспандай ұшып бара жатыр. Сонымен қатар, Венецианский мен ле Сюьердің картиналарында бүркіттің тұмсығы бос бейнеленсе, ал Рубенсте бүркіт тұмсығымен Ганимедтің арқа жамылғысының алдыңғы тартпасын тістеп, ал тырнақтарымен оның аяқтарын бүріп ұшып бара жатыр. Рембрандттың суретінде керісінше, негізгі күш, баланың салмағы бүркіт тұмсығына түскен. Ол жас баланы көйлегінен тістеп және тырнақтарымен аяқтарынан бүріп ұстап, көкке көтеріліп барады. Мұнда күтпеген жағдайдан қатты қорқып жылаған жас сәбидің зәрін жіберіп қойғаны да суретте анық және шынайы көрсетілген. Түпнұсқасы кейініректе атақты Дрезден сурет музейіне тапсырылған және Голланд бейнелеу өнеріндегі алтын ғасырдың үздік үлгісі болып табылатын бұл тамаша туынды талайды тамсантып, өнер сұлулығымен рухтандырды. Бұл, әрине, бүкіл адамзатқа, соның ішінде, қазақ өнеріне де ортақ ғажайып мұра. Солай бола тұрса да, біздің назарымызды аударып отырған бұл емес, мүлде басқа – қазақтар алғаш рет осы туындымен қашан танысып, қандай әсер алды деген мәселе.
Осыған байланысты Рембрандттың осы атақты картинасының көшірмесімен ХVІІІ ғасырда Италияға барған қазақтар Қазыбек бек Тауасарұлының (ол кезде әлі бек атана қоймаған) мен Өтеген батырдың (ол кезде әлі батыр атана қоймаған) танысып, өз пікірлерін білдіргені еріксіз назар аудартады. Бұл Қазыбек бектің «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты еңбегінде төмендегіше баяндалады: «...Италиямен қош айтыстық. Ол ел өте зор да, зәулім де, ғимараттары мен сәулетті үйлерімен, өнерге деген құштарлығымен біздің есімізде қалды. Әсіресе, суретшілік өнер мені қатты қызықтырды. Бәрінің де қисынын үйрендім, бірақ оны сызып отыруға тағат таппадым. Құдай маған ондай өнерді қимапты. Тіпті, ол өнерді үйреніп келген күнде де, сурет өнеріне қарсы ислам діні бұл өңірде оған есік ашпас еді.
Кетер кезде өзімнің бір мұғалімімді қатты ренжітіп алдым. Маған сурет өнерінен сабақ беретін Сакки тұқымы Титта деген жігіт болатын. Соның үйіне қоштасуға Өтегенді ертіп бардым. Өтеген де бұл кезде көп нәрсе білетін. Оның үйінен кеспе жедік. Бұлардың тамағының көбі кеспе болады. Бұл бай үйдің тұрмысын айтып тауысу қиын. Бұл бір киіз үйдің ішіне сыйып отыратын қазақ емес, аумағы бір ауылдың орнын алып жатқан мұндай байлықты Өтен екеуміз көріп, әбден көзіміз үйренген, ондайға таңдануды қойған кезіміз. Бұл оқыған адамның әйелі де Раффа деген бай тұқымынан, біреудің жалғыз қызы екен. Ол Раффа тұқымы бай жалғыз қызына бір сарай суретті жасауына беріпті. Қазақ болса, бұған күле қарар ма еді, бұл өте зор жасау деп саналыпты. Міне, сол бір сарай суретті біз аралап көрдік. Мұнда кімнің суреті жоқ десеңізші! Рафайілдің, Джованнидің, тағы басқа дүниежүзіндегі ең ұлық суретшілердің суреттері, егер суреттің өзі болмаса, одан қотарылып салынғаны бар.
Менің мұғалімімді ренжітуім осы сурет сарайында болды. Сарайда Рембрандт деген суретшінің көп суреті бар. Соның бірі – қотарылған бүркіттің баланы алып бара жатқан суреті. Мен суретті көріп, қатты күліп жібердім. Күліп жібергенімді Титта жақсылық деп ұқты. Сонан соң неге күлгенімді сұрады.
Суреттің салынуы мынадай: аспаннан ұшып келген бүркіт 3-4 жасар балпанақтай баланы іліп алып барады. Ілгенде тұмсығына жейдесінен тістеп барады. Қорқып кеткен бала шүмектетіп бұтына сиіп барады. Суретші мені баланың сигеніне күліп тұр деп сүйсінген екен. Шынында, ол – жақсы салынған сурет. Баланың сасып, қорыққанда бұтына жіберуін суретші дәл басқан. Бірақ Рембрандт қанша данышпан болса да көргені бүркіт емес, кәдімгі құзғын қара қарға мен дүкі алақарға болуы керек. Олардың қашанда өз жемтігін тұмсығына тістеп қашатынын көргем. Ал бүркітті білетін кісі бұған күлмей тұра алмас еді. Бүркіттің суреті, бүркіт екені дұрыс салынған. Ал мына суретті көрген кез келген қазақ бұл суретке күлер еді. Өйткені, бүркіт жемтігін тұмсығымен алатын қарға емес, ол қашанда аяғымен бүріп алып кетеді. Барлық бүркіт тұқымдас құстың һәммәсі аяғымен бүріп алады. Мұны тіпті біздің жұртта кез келген қойшы да, бала да біледі. Қозыны, лақты бүркіттің қалай алып кететінін олардың көбі-ақ көрген. Әсіресе, қой көктемде төлдегенде жаңа туған жас төлді бүркіттің де, сақалтайдың да, қозышының да талай шөп арасында жатып қалған жерінен бүріп кететінін біледі. Мен: «Мынаны қара, Өтен», – деуім мұң екен, Өтен бүкіл сарайды жаңғыртып күлді. Титта Рембрандттың тапқырлығына бізді сүйсініп күліп тұр деп ойласа керек, ол кезде екеуміз де жаспыз, қоймастан күлген соң, бізден ол неге күлгенімізді сұрады. Сонан соң мен Рембрандттың көргені бүркіт емес, қарға екен, бүркіт аузымен тістемейді, ол шеңгелдеп бүреді деуім мұң екен, оның дереу беті өзгеріп, көгеріп кетті. Бүкіл Еуропа данышпан деп табынатын Голлан суретшісі Рембрандтты мына қайдағы бір қаңғып келген екі жабайы азиаттың сынағаны ұнамай қалды. Ол теріс айналып жүріп кетті, қоштаспай кетті. Біз оның олай істегеніне, өзімізге ренжісек те, қоштаспай кетуді жөн көрмедік. Сонан соң өзіміз оның қаршысына кіріп, мұны кез келген қойшы білетінін, бізде бүркіт көп болатынын, оны қолға үйрететінін айтқан соң барып, ол жібігендей болды. Бірақ нақ кетіп бара жатып біз бүкіл Еуропаға күлгендей ол әсер алды білем. Ал олай болса, несі бар, олардың біріне-бірі ақы алмай рақым қылмайтынына күлмек түгіл, келеке етуге де болар еді. Әлбетте, ұстазымды ренжітенім әбес болды. Бірақ шындықтың аты шындық. Нағыз данышпан қателеспеуі керек. Әсіресе, мәзкүр аталған адамның қатесі болмауы жөн ғой... (Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқияннан өзіме шейін. Шежіре, естелік. Алматы. «Жалын баспасы» ЖШС, 2008.-889-890-б.б.).
Әрине, қазақтардың мұндай сыны Рембрандттың ғасырлар тезінен өткен аталмыш көркем туындысының маңызын түсіре қоймайды. Алайда, жоғарыда айтылғандардан сонымен қатар, өмірді жақсы білмей ұлы туынды жасасаңыз да ерте ме, кеш пе, оның кемшілігі ашылады дегендей қорытынды да туындайды. Сіз шындықты бейнелеуге қанша тырыссаңыз да, өзіңіздің шығармашылығыңызға негіз болатын мәселенің егжей-тегжейін жақсы білмесеңіз, оның олқылықтарын осы мәселеге жетік кісі аңғармай қоймайды. Қазыбек бектің жазғандарынан алатын тағылым да міне, осыған келіп тіреледі. Бұлай дейтін себебіміз, Рембрандттың өзі өзінің мәңгілік шығармашылығында шынында да ақиқатқа ұмтылған адам. Осының куәсі ретінде кезінде оның: «Мен бүкіл өмірімде барлық нәрседе табиғаттың табиғилығын іздестірдім, ешқашанда түрдің жылтырақтығына әуестенбедім. Суретшіні оны бейнелегені емес, оның өз өнерінде табиғатты қаншалықты шынайы бере алғандығы ұлы етеді. Өмір – бұл, мен үшін бәрі», – деген болатын. Осылай деген ұлы суретшінің шынында да сөзі мен нақты өнері ешқашанда қайшы шыққан жоқ. Алайда, аталмыш шығармада суретшінің бүркіт тұқымдастарының болмысын, тұрмыс-тіршілігін жақсы білмеуі оны жоғарыда айтылған қателікке ұрындырды.
Сонымен қорыта келгенде айтарымыз, өзіміздің дәстүрлі деректерімізді бағаламай, өзіміз туралы шетелдерде жазылған деректерге ғана (мысалы, орыс деректеріне) біржақтылықпен бас шұлғи берер болсақ, қазақтың ұлттық табиғи рухын көрсететін толыққанды тарихи зерттеулер біздің Қазақстанда ешқашан да жазылмайды. Өзін қазақпын деп білетін азаматтарымыз, соңғы жылдары тәуелсіздік арқасында ортамызға оралған Қазыбек бектің «Түп-тұқияннан өзіме шейін» немесе Өтейбойдақтың «Шипагерлік баян» тәрізді деректік маңызы аса зор тарихи мұраларды негізсіз қаралады. Ал еуроцентризм аурасынан әлі айықпаған тарихшыларымыздың өздерінің зерттеу жұмыстарында олардан, дәстүрлі деректерден бас тартуды қойғандары жөн-ақ болар еді. Осылай болғанда бұдан ешкім де ұтылмайтынын және есесіне, ұлттың жаңа да шынайы тарихы ұтып шығып, жеңіске жететінін ұмытпағанымыз жөн.
Талас Омарбеков,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның
Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі,
профессор, ҰҒА Құрметті академигі.
"Қазақ әдебиеті" газеті