29 мау, 2021 сағат 13:17

Райымқұлова журналистерді «Алтын Томирис» сыйлығымен марапаттады


Елордада Қазақстан Республикасында мәдениет пен өнерді насихаттаған журналистерге «Алтын Томирис» сыйлығын тапсыру салтанаты өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сыйлықты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Астана Опера» театры тағайындаған. «Алтын Томирис» алғаш рет тапсырылды. 

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова БАҚ өкілдеріне «Алтын Томирис» марапаттарын, құрмет грамоталары мен «Қазақ операсының аңыз адамдары» естелік кітаптарын табыс етті.

«Алтын Томирис» мүсіншесі «Астана Опера» театры ғимаратының жоғары жағындағы квадрига түрінде жасалған. Онда күйме арбаның тізгінін ұстаған сақ патшайымы Томирис бейнеленген.

Марапатталғандар қатарында «Хабар 24», «Қазақ ТВ», «Қазақстан», «Абай ТВ», «Мир», «Еуразия» бірінші арнасы» телеарналары, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Астана Ақшамы», «Вечерняя Астана», «Новое поколение», «Литер», «Караван» газеттері, Tengrinews.kz, Zakon.kz, «ҚазАқпарат» ХАА, Sputnik Казахстан, Nur.kz, Baigenews.kz ақпарат агенттіктерінің тілшілері, сонымен қатар танымал қазақстандық блогерлер бар.

Салтанатты рәсім аяқталған соң журналистерді театрдың шығармашылық ұжымы құттықтап, мерекелік концерт тарту етті. Сахнада опера труппасының солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жамиля Джаркимбаева, Елена Ганжа, Әсем Сембина, Рамзат Балакишиев, Шыңғыс Расылхан, «КВИКОНТЕ» үрлемелі аспаптар квинтеті және концертмейстер Раушан Бескембирова өнер көрсетті.