14 мам, 2021 сағат 14:23

Райымқұлова: Тимур Бекмамбетов бізге біраз сценарийін ұсынды


Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова әлемге әйгілі кинорежиссер Тимур Бекмамбетовтің Өзбекстанның Туризм елшісі болуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингіде Мәдениет және спорт министріне Тимур Бекмамбетовті ел туризмін насихаттауға неге тартылмағаны туралы сауал қойылды. 

«Көршіміз Өзбекстанның оны Туризм елшісі ретінде әріптестікке тартуын қуана қабылдадық. Тимур Бекмамбетов ғаламдық тұлға екенін білесіздер. Оның жобалары әлемнің түрлі елдерінде іске асып жатыр. Оның ішінде біздің елде де жобалары қарастырылған болатын. Туризм елшілеріне қатысты айтсам, бүгінде Қазақстанның туризм елшісі болып жүрген танымал тұлғалар баршылық. Димаш Құдайберген мен Самал Еслямова да бар. Әрине, Тимур Бекмамбетовті де қарастырған болатынбыз. Бірақ пандемияға байланысты және басқа да себептермен оның елімізге келетін мүмкіндігі болған жоқ», - деді Ақтоты Райымқұлова. 

Министрдің мәліметі бойынша, келешекте елімізде Тимур Бекмамбетов атсалысатын киножобалар іске асуы мүмкін. 

«Тимур Бекмамбетовпен бірге жоспарланған кинемотаграфиялық жобаларымыз бар. Оның тарапынан өз дайындаған сценарийлерін іске асыру бойынша ұсыныс бар. Оның біздің елдің де Туризм елшісі болуын қарастырамыз. Біз ол отандасымызды мақтан тұтамыз. Туризм елшісін тағайындаудың қатып қалған регламенті жоқ. Бір елдің атынан ғана сала елшісі болу керек деген талап қойылмайды. Сондықтан бұл бағытта жұмыс істейміз. Өкінішке қарай, пандемия көптеген жобаларды, соның ішінде Тимур Бекмамбетовтің қатысуымен өтетін жоспарлардың мерзімін шегеруімізге мәжбүр болып отырмыз», - деді Ақтоты Райымқұлова.