11 там, 2021 сағат 10:50

QR арқылы тәулігіне 400 мың адам тексеріледі - Нариман Әбілшайықов


QR арқылы тәулігіне 400 мың адам тексеріледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі таңда «Ashyq» қосымшасын 4 млн-нан астам қолданушы пайдаланады. 12 сәуірден бері өзін-өзі оқшаулау режимін бұзған 46 мың адам анықталды. Олардың 29 мыңнан астамы «қызыл» және 16 мыңы «сары» түсте. Өз мәртебесін онлайн режимде тексеру үшін тестілік QR жұмыс істейді. Ол арқылы тәулігіне 400 мыңдай адам тексеріледі. Негізінде оның 1,5-2 пайызы оң нәтижелі ПТР тест көрсетіп отыр. Бұл өз кезегінде эпидемияның таралуына жол бермейді», - деді Нариман Әбілшайықов. 

Оның атап өтуінше, шілде айының басынан бастап, сауда орталықтары және базарлар еріктілер ретінде жобаға кіріп, кейіннен жобаның толыққанды қатысушысына айналды. 200 мыңға жуық сауда субъектілерінің қосылуы арқылы жобаның ауқымы ұлғайды және «карантинді бұзушыларды» анықтау 10 есеге өсті.

«Осы жылдың 29 шілдесінен бастап жобаға қосылатындар үшін QR кодты алу тәртібі жеңілдетіліп, процестер автоматтандырылды. Нәтижесінде, мерзімі 9 күннен 10 минутқа дейін қысқартылды. Бұрын 3 ай ішінде жобаға аптасына 1000-ға жуық субъект қосылса, қазір олардың саны 100 мыңға дейін өсті. Осылайша, 2 апта ішінде бұл 5 есеге артты. Жобаға қосылуда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Қарағанды және Атырау облыстары белсенділік танытып отыр. Бірінші кезекте бұл өңірлердің «қоңыр-қызыл» аймаққа кіруіне байланысты, «Ashyq» жобасына қатысу олардың жұмыс жасауына мүмкіндік береді», - деді ол.