«Қазақстан» телерадиокорпорациясы отандық кәсіпқой боксшыларымыздың жекпе-жектерін «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарында көрсету құқығына ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«4 қараша күні АҚШ-тың Техас штатындағы Эль-Пасодағы Don Haskins Convention Center кешенінде қазақ боксшылары Жәнібек Әлімханұлы мен Сағадат Рахманқұл бокс кешінің андекартында шаршы алаңға шығады. Басты жекпе-жек мексикалық Мигель Берчельт (34-1, 30 КО) пен Мигель Роман (60-12, 47 КО) арасында өтеді» делінген корпорация таратқан хабарламада.
Бұл - Жәнібек Әлімханұлының (3-0, 1 КО) кәсіпқой бокстағы төртінші жекпе-жегі. Оның қарсыласы - 32 жастағы америкалық былғары қолғап шебері Вон Александр (12-1, 8 КО). Ал, Сағадат Рахманқұл (3-0, 1 КО) пуэрто-рикалық Никлаус Флазбен (5-1, 4 КО) қолғап түйістіреді.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлының әуесқой бокста қол жеткізген жетістіктері бір төбе. Ол - әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. 2018 жылы Жәнібек кәсіпқой боксқа ауысып, 3 жекпе-жек өткізіп үлгерді. Барлығында жеңіске жетіп, біреуін нокаутпен аяқтады. Ал, қарсыласы Вон Александр кәсіпқой бокста 13 жекпе-жек өткізіп, 12-сінде жеңіске жеткен. 8 кездесуін нокаутпен аяқтаған. Сағадат Рахманқұл әуесқой бокста 69 келіге дейінгі салмақта 2013 жылы ел біріншілігінде топ жарып, ал 2014 жылы күміс жүлдегер атанған болатын.
Отандастарымыздың жекпе-жектерін «Qazaqstan» мен «Qazsport» телеарналары 4 қараша күні, сағат 04:00-де тікелей эфирде көрсетеді.