«Qatar Airways» әуе компаниясы 15 қазаннан бастап Доха мен Алматы қалалары арасында тұрақты рейстер орындауға рұқсат алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2021 жылғы 31 тамызда Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысына Қазақстан мен Катар арасында тұрақты әуе қатынасын ашу мәселесі шығарылды. ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті және Катар елінің авиациялық билік органдары екі ел арасындағы әуе қатынасы саласында құқықтық база құру және кеңейту жөніндегі жұмысының нәтижесінде «Qatar Airways« әуе компаниясы 2021 жылғы 15 қазаннан бастап Доха жменне Алматы қалалары арасында тұрақты рейстер орындауды жоспарлап отыр», - делінген Азаматтық авиация комитеті таратқан ақпаратта.
Ведомство мәліметінше, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компаниясының сайтында жарияланған кестеге сәйкес, А-320 ұшақтарымен аптасына 2 рейс дүйсенбі және жұма күндері орындалатындығы жоспарланған.
«Екі ел арасында тұрақты рейстердің ашылуы Қазақстан мен Катар арасындағы сауда-экономикалық, мәдени және туристік қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал етеді», - деп атап өтеді комитеттен.