Әлемнің 28-ракеткасы, қазақстандық Юлия Путинцева Мельбурндағы Grampians Trophy WTA 500 турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аустралияда қатаң карантинде болған теннисшілер үшін арнайы ұйымдастырылған жарыста Ю.Путинцева алғашқы кездесуін рейтингте 191-орында тұрған испаниялық Джеорджина Гарсия Переспен өткізді.
Барынша тартысты өрбіген бірінші партия тағдыры тай-брейкте шешілді. Тай-брейкте қазақстандық теннисші бет қаратпады – 7:6 (7:1).
Екінші партияда есеп 3.3 болған мезетте Ю.Путинцева брейк жасап, алға кетті. Ақыры осы басымдылығын сақтап қала алды – 6:4.
Бәсеке 1 сағат 43 минутқа созылды.
Ю.Путинцева екінші айналымда әлемнің 13-ракеткасы, Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен күш сынасады.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина доданы екінші айналымнан бастайды. Ол рейтингте 66-сатыдағы чехиялық Барбора Крейчиковамен шеберлік байқасады.