16 қаз, 2020 сағат 11:48

ПТР диагностикасын жасайтын компаниялар тест бағасын арзандатуға дайын

ПТР диагностикасы нарығында үш ірі субъект жұмыс істейді. Олар: «Олимп» клинкалық-диагностикалық зертханасы, Ұлттық сараптама орталығы, INVIVO зертханасы және 30-дан астам ұсақ компания бар. Бұл туралы «Kun.kz» сайтында «ЖҚҚ, ПТР диагностикасы және дәрі-дәрмектер нарығында баға белгілеу» тақырыбында онлайн форматта өткен пікірталаста айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық сараптама орталығында сәуір айынан бері ПТР тесттің бағасы (11 500 теңге) өзгерген жоқ, «Олимп» клинкалық-диагностикалық зертханасы (12 320 теңге) мен INVIVO зертханасында (15 000 теңге) бағаның өзгеру динамикасы байқалады. Соңғы мәліметтерге сүйенетін болсам, аталған компаниялар бағаны арзандатуға дайын», - дейді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин. 

Ол басқа мемлекеттерде ПТР тесттің бағасы орташа есеппен қанша екенін айтты.

«Тексеру жұмыстарын бастамағандықтан аталған компаниялардың бухгалтерлік құжаттарын тексере алмаймыз. Бұл субъектілерді жазалау ниетіміз жоқ болғандықтан тексеру жұмыстарын әлі бастаған жоқпыз. Мұндай қиын кезеңде оларға тексеру жұмысын жүргізіп, банкрот болу жағдайына жеткізгіміз келмейді. Біз олармен келісіп, бағаны реттеу туралы ұсыныс айтамыз. Мысалы, Беларусь мемлекетінде ПТР тест бағасы теңгеге шаққанда – 6 600 теңге. Ресейде – 12 мың теңге. Армения мен АҚШ-та – 21 мың теңге. Болгария мен Францияда – 25 мың теңге. Германияда – 27 мың теңге. ПТР тест бағасы қымбат мемлекеттерде өмір сүру деңгейі, жалақы мөлшері де біздің мемлекетке қарағанда басқаша», - дейді ол.