Бүгінде ата-аналар арасында және педагогикалық ортада бала дамуына қатысты “психикалық дамуы тежелген” дейтін диагноз жиі айтылып жүр. Мамандар бұған әсер ететін бірқатар факторлар бар дейді.
“Психикалық дамуы тежелген” дегеніміз – балалардағы психикалық және сөйлеу дамуының кешігуі. Бұл баланың кеш сөйлеп, логикалық ойлауы мен ақпаратты қабылдауы, талдауы қиынға соғатын, қатарластарымен және ересектермен тіл табысуы күрделенетін кезеңді білдіреді.
Мамандардың айтуынша, ата-аналар баласында ауытқу белгілерін неғұрлым тез анықтаса, балалардың толық қалпына келу ықтималдығы соғұрлым жоғары болмақ.
Ақмола облысының білім басқармасы ұсынған статистикалық дерекке сәйкес, 2022-2023 оқу жылының аяғына қарай облыста психикалық және сөйлеу дамуында кешіккен 3528 бала тіркелген. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш көбеймесе, азайған жоқ.
“Аутизм мен балалардың психикалық дамуының тежелуінің дүние жүзінде толық себептері анықталған жоқ, медициналық емі де жоқ. Бұл жерде психокоррекция, педогогикалық коррекция жүргізіледі. Соңғы 5 жылдың ішінде үлкен өсім болып отырған соң, мамандардың да тапшылығы бар”, – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Альназарова 18 наурызда мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында.
Қарағандылық нейропсихолог Назгина Мырзақызының айтуынша, балалардағы “психикалық дамуы тежелген” диагноздарының пайда болуына жүктілікті жоспарлаудың болмауы, босанғанға дейін және одан кейінгі күйзеліс, туғаннан кейінгі баланың дамуы сынды факторлар әсер етеді.
Көбіне баланың сөйлеу және психологиялық ауытқуына бала туғанға дейінгі факторлардың әсері басым болып келеді. Олардың ішінде ұрықтың ана жатырында дамуы кезіндегі гипоксия (оттегінің жетіспеушілігі), болашақ ананың жүктілік кезінде жұқпалы аурулардан зардап шегуін атап өтуге болады.
Нәресте үшін анасының қарқынды жылдамдықпен босануы немесе босану кезінде кіндіктің нәрестенің мойнына оралуы, сондай-ақ омыртқа деформациясы сынды туа біткен жарақаттар қауіпті.
Мамандар бала 1,6 жасқа толып, тамақты шайнап жей алмаса, ойыншықтарға қызықпай, мүлдем шуламаса және былдырлап дыбыс шығаруға тырыспаса “психикалық дамуы және сөйлеуі тежелген” болуы мүмкін деп ескертеді.
Астаналық балалар дәрігері Дина Сәулеханқызының пікірінше, соңғы уақытта дамуы тежелген балалардың көбею үрдісі байқалып отыр.
Маманның айтуынша, егер бала дамуының тежелуі, тілі шықпай жүргені ерте жасында анықталмаса, емдеу шаралары уақытылы басталмаса, бұл баланың өміріне кері әсер етуі мүмкін. Мәселен, баланың мектептен сапалы білім ала алмай, қатарластарынан артта қалып, қарым-қатынаста қиындықтарға душар болуы ықтимал.
Дина Сәулеханқызы бүгінгі медицина дамыған кезде балалардың дамуындағы ауытқуларды ерте жастан бастап анықтаудың анағұрлым жақсарғанынын атап өтті.
"Бұрынғы уақытта медицина саласындағы диагностика өте нашар дамыды. Қажетті құралдар, әдістер немесе бағдарламалар болған жоқ. Қазір бұл бағытта көптеген ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр және бұл өз кезегінде диагностиканың сапасын артқаны сөзсіз", – деді ол.
Отандық актриса Ақерке Арыс та ана ретінде осы диагнозбен бетпе-бет келген. Бүгінде өнер адамының үш жасқа таяп қалған ұлына “психикалық дамуы және сөйлеуі тежелген” диагнозы қойылған. Актриса YouTube-тағы жобалардың біріне берген сұқбатында осы мәселеге қатысты айтып өтті.
“Баланың денсаулығында және дамуында кінәрат болмас үшін болашақ ана жүктілік кезінде үлкен білімге ие болуы керек, жан-жақты ізденуі керек”, – дейді актриса.
Авторы: Аружан Аманғалиева