16 там, 2021 сағат 15:14

Президенттік жастар кадр резерві жобасына арналған портал іске қосылады


Қазақстанда жуырда Президенттік жастар кадр резервіне кандидаттарды іріктеудің екінші кезеңі басталады. Осы орайда аталған жобаға арналған портал іске қосылады.

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығы АҚ-ның бас директоры Кенжебек Санабаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біз арнайы интернет портал әзірледік, ол ертеңнен бастап қолжетімді болады. Дәлірек айтқанда pkreserv.gov.kz сайты бірнеше бөлімнен тұрады, басты бет, жоба туралы, жиі қойылатын сұрақтар, галерея және іріктеудің қорытындысы. Порталда Президенттік жастар кадр резерві жобасына қатысты барлық ақпараттар қазақ және орыс тілдерінде болады. Яғни жобаны өткізудің барлық кезеңі сайтта ашық түрде жарияланады. Кез келген адам кандидаттың аты-жөнін теріп іріктеудің нәтижесімен таныса алады. Бұл ашықтық пен жариялылықты қамту мақсатында жасалып отыр», - деді Кенжебек Санабаев ОКҚ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, кадр резервіне тестілеу кезінде кандидаттарға тәулік бойы қолдау көрсетіледі. 

«Сонымен қатар іріктеуге қатысушы кандидаттарда түрлі сұрақтар туындауы мүмкін. Осы орайда кандидат өз сұрағы мен өтінішін электронды пошта көмегімен порталға жібере алады. Одан әрі мамандар қойылған сұрақтарға тиісті жауап береді. Кандидат порталға тіркелер алдында одан ЭЦҚ-ы (электронды цифрлық қолтаңба) мен оның келісімі сұралады және әр кандидаттың жеке кабинеті болады. Сондай-ақ, іріктеуге қатысушы үміткер порталға тіркелген соң заң аясында порталдағы әр әрекетіне жауапты болады», - дейді ол. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде Президенттік жастар кадр резевріне кандидаттарды іріктеудің екінші кезеңі басталады.