22 сәу, 2020 сағат 11:21

Президенттік қолдау: Алматы облысында 83 мыңнан астам адамға азық-түлік себеті берілді

Алматы облысында мемлекеттік әлеуметтік пакет алғандар саны 83 мыңнан асты. Оларға 455 млн теңгенің азық-түлігі мен қажетті заттары берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нақтырақ айтқанда 455 млн 933 мың теңгеге 83 091 адам әлеуметтік себет алды. Солардың қатарында жеті баланың анасы талдықорғандық Жанар Айтбаева да бар. Жалғыз басты ана қазір бала тәрбиесімен үйде отыр. Қосымша табыс көзі жоқ. Сондықтан оған мемлекеттен көрсетіліп жатқан әрбір көмек маңызды. 

«Бұрын мұндай көмек еш уақытта болмаған. Бұрын азды-көпті пособия алатынбыз. Оған да жеткізіп жүрдік. Қазір енді жақсы бәрі. Тамақ-асымызды алып жатырмыз. ГСП-мызды алып жатырмыз. Әлеуметтік пакет дейміз. Оның бәрін алып жатырмыз. Жақсы. Рахмет», - дейді Жанар Айтбаева. 

Көпбалалы отбасыға «Біз біргеміз» акциясы аясында ерікті жастар да көмегін ұсынып тұрады. Қазір ана мектеп жасындағы екі баласын қашықтан оқытып, ауладағы шағын бақшасын реттеп, үй шаруасымен айналысуда. Жалғызбасты ана мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан әрбір көмек отбасының төтенше жағдай мен карантин режимінен оңалып шығуына септігін тигізіп жатқанын айтады.