31 там, 2021 сағат 21:40

Президент Жолдауы: Мемлекет шағын және орта бизнеске қандай қолдау көрсетті


2020 жылдың 1 қыркүйегінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиядан кейінгі дағдарысқа байланысты шағын және орта бизнеске жүйелі қолдау шараларын көрсетуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, биыл шағын және орта бизнесті жеңілдікпен кредиттеу жұмыстары «Бизнестің жол картасы 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары, сондай-ақ айналым капиталын толықтыруға Ұлттық банктің жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы шеңберінде жалғасуда. 

Атап айтқанда, кредиттер бойынша жылдық мөлшерлеме 6%-ды құрайды, айналым капиталын толықтыруды қаржыландыру мен кредиттер сомасы ұлғайтылды, микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолжетімді микрокредит беру іске қосылды. 

Ведомство ұсынған ақпаратқа сәйкес, биылғы бірінші жартыжылдықта 31 мыңнан астам жоба 1 трлн теңгеден астам сомаға жеңілдікті қаржыландыру алған. Экономиканың зардап шеккен секторларындағы кәсіпкерлерді қолдау үшін шағын және орта кәсіпкерлік кредиттері қайта қаржыландырылуда. Экономикалық қызмет түрлерінің тізбесі кеңейтіліп, субсидиялау мерзімі 3 айға ұзартылды. Осы шараларға бюджеттен 18,4 миллиард теңге бөлінген. 

Биылғы шілде айында «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде жаңа бизнес жобаларын субсидиялау үшін бюджеттен қосымша 13,2 миллиард теңге бөлінді. Екі бағдарламаны қаржыландырудың жалпы көлемі 186,3 миллиард теңге болды. Сонымен бірге, шілде айында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында «Бастау-Бизнес» жобасының түлектеріне шағын несие беру басталды. Оған 22,5 миллиард теңге бөлінді. Ауылдағы өз кәсібін жаңадан бастайтын кәсіпкерлердің 5 мыңдай жобасын қаржыландыру жоспарлануда. 

Сонымен бірге, бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында жалпы сомасы 441 миллиард теңгеге 12 447 жоба субсидияланды. 187 миллиард теңге болатын 10 788 жобаға кепілдік берілді. Аграрлық несие корпорациясы шеңберінде 5,9 миллиард теңге болатын 134 жобаға қолдау көрсетілді. 

Жыл басынан бері несиелерді субсидиялау құралы бойынша ең көп қолдау көрсетілген жобалар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және Жамбыл облысында байқалды. Кепілдік беру құралы бойынша жобалардың басым бөлігі Жамбыл, Түркістан облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында қолдау тапты. 

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 50 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілеріне сауалнама жүргізіп, шағын және орта бизнесті қолдау бойынша жаңа шаралар пакетін әзірледі. Атап айтқанда, 2021 жылға арналған экономикалық өсуді қалпына келтіру бойынша өзекті кешенді жоспар іске асырылуда. Бұл кешенді жоспар 60-тан астам қолдау шараларын іске асыруды, оның ішінде бизнеске жүктемені азайту, сұраныс нарықтарына қолжетімділікті қамтамасыз ету, жаңа реттеушілік саясатты енгізуді көздейді. 

Биылғы 1 қаңтардан бастап, зардап шеккен салаларда түскен табыстың 3 пайыз мөлшерлемесімен бөлшек салықтың жаңа арнайы режимі енгізілді. Ал 1 сәуірден 1 шілдеге дейін еңбекақы төлеу қорынан зардап шеккен салаларда салықтарды төлеуді кейінге қалдыру ұсынылды. 1 шілдеден бастап жаңадан құрылған өндірістік компаниялар үшін 70 пайыз мөлшерінде қосылған құн салығы бойынша қосымша есепке алу құқығы берілді. Ұсынылған қорғау құралдарының құны арқылы кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлері жеке табыс салығынан босатылды. 

Сонымен бірге, келесі жылдан бастап бизнесті жаңа негізгі қорларға қайта инвестициялауға пайдаланылатын корпоративтік табыс салығынан босату жөніндегі шаралар көзделген. Бизнеске жүктемені түбегейлі төмендету, оңтайлы және тиімді реттегіш жүйені қалыптастыру мақсатында кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеу тәсілдері жасалуда. Олар мемлекет пен кәсіпкерліктің өзара іс-қимылының базалық қағидаттарын жетілдіруді көздейді. Қазіргі уақытта тиісті Заң жобасы Парламентте қаралуда.