Неге шығынмен жұмыс істеп жатқан жекелеген ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардың бірінші басшылары жауапкершілік арқаламайды? Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жариялап тұрып, Үкіметке осындай сауал қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекеттің экономикаға шектен тыс килігуі оның өсімі мен бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай тежеп, коррупция мен заңды лоббиге жол ашып отыр. Мемлекеттік кәсіпорындар әлі де болса көптеген салаларда үстемдік етіп, монополиялық жеңілдіктерді пайдаланып жүр. Біз бұл проблемаларды шеше бастадық. Мемлекеттік басқару тұжырымдамасында квазимемлекеттік секторды қысқарту, оның тиімділігі мен ашықтығын, есептілігін арттыру жөніндегі шаралар қарастырылған», - деген Президент Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің жекешелендірудің жаңа жоспарын мақұлдағанын атады.
«Енді осыған қатаң бақылау керек. Бірақ басқа да мәселелер бар. Мысалы, неге жекелеген ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындар шығынмен жұмыс істеп жатыр? Ал оның бірінші басшылары бұл үшін жауапкершілік арқаламайды. Үкіметке бұл проблеманы шешу керек», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Президент артық ақша массасын реттеу жолдарын атады.
«Жалпы көлемі 6,3 трлн теңгені құраған дағдарысқа қарсы шаралардың нәтижесінде экономикада шектен тыс ақша массасы қалыптасты. Бірақ осы қаржы жетпей жатқан салалар бар. Екінші деңгейлі банктер шағын шараларға, әсіресе, ауылдарда ақша салмайды. Сондықтан микроқаржылық ұйымдардың әлеуетін іске қосу қажет. Олар жергілікті орындарда жұмыс істеп жүргендіктен, ондағы клиенттерді, олардың бизнесін, мүмкіндіктерін жақсы біледі. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы мәселе бойынша шешімдер пакетін дайындауы тиіс», - деді Президент.