ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аймақтық ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Сауранбаев аймақ басшыларына «Рухани жаңғыру» жобалық кеңселерінің жұмысына назар аударуды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өңірлерден келген есептер әлеуметтік мәселелерді шешуде еріктілер жеткілікті деңгейде тартылмай жатқанын көрсетеді. Волонтерлер азаматтық бастамалардың дамуының, әлеуметтік жауапкершілік пен патриотизмді қалыптастырудың факторы саналады. Қазіргі таңда жеке өңірлер ғана қайырымдылық шараларына белсенді түрде волонтерлерді тартып отыр. Ол аймақтар: Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан мен Түркістан облыстары», - деді ол Ақордада өткен жиында.
Оның айтуынша, Ақмола, Түркістан, Маңғыстау облыстарынан және Алматы қаласынан басқа өңірлердің көбі Қазақстан Жазушылар одағымен тарихтану мен аймақтану бағыттары бойынша келісімге келмеген.
«Заман талаптарын ескере отырып, іске қазіргі коммуникациялық трендтерді пайдаланып, танымал блогерлерді, халық сүйіктілерін, қоғамдық ой көшбасшыларын тарту керек. Мәселен, миллион жазылушысы бар азаматтар мұндай жұмысқа тартылмаған. Сонымен қатар, өңірлердегі «Рухани жаңғыру» жобалық кеңселерінің жұмысына өңір басшыларының назарын аудартсақ дейміз. Қазіргі таңда аймақтық жобалық кеңселер КММ, ЖШС түрінде құқықтық формамен айқындалған. Жобалық кеңселердің көбі жұмысын 2019 жылы бастады. Жылдың соңына дейін енді өңірлерде қандай форма тиімді екенін айқындап алу керек. Сонымен бірге, ол жердегі қызметкерлердің саны турасында да бірізділік жоқ. Өңірлердегі кеңселердің бірінде 4 адам, екіншісінде 26 адамға дейін жұмыс істейді. Өңірлік жобалық кеңселерге бағдарламаны жүзеге асыруда үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр», - деді ол.
Еске сала кетсек, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалымен Ақордада бүгін ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өткізілді.