24 қар, 2020 сағат 06:55

Премьер Шығыс Қазақстанды газдандыру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды

2021 жылғы 1 сәуірге дейін Газдандырудың бас сызбасының өзектендірілген жобасын әзірлеу қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Газды тұтынудың болжамданып отырған жыл сайынғы өсуін ескере отырып, Газдандырудың бас схемасын жаңарту қажет. Бұл орайда демографиялық факторды, өнеркәсіптің өсіп келе жатқан қажеттіліктерін, экспорттық перспективаларды және қолданыстағы міндеттемелерді ескеру керек. Сондай-ақ бұл инвесторлар үшін де маңызды. Себебі олар үшін шикізат базасының, әсіресе газдың жеткілікті болуы - нарыққа кірудің негізгі шарттарының бірі», - деді Асқар Мамин. 

Осыған орай Премьер-Министр еліміздің Энергетика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, 2021 жылғы 1 сәуірге дейінгі мерзімде Газдандырудың бас сызбасының өзектендірілген жобасын әзірлеуді тапсырды. 

«Солтүстік өңірлерді газдандыру мақсатында 2021 жылдың 1 наурызына дейін «Сарыарқа» газ құбыры жобасының 2 және 3 кезеңдерін іске асыру бойынша техникалық-экономикалық негіздемелерді жаңартып, барлық сараптаманы алуды тапсырамын. 2021 жылдың 1 сәуіріне дейін Энергетика министрлігі Шығыс Қазақстан облысын газдандыру тұжырымдамасын дайындап, қажетті есеп мен күтілетін әсерді қарастырсын», - деді Үкімет басшысы. 

Сонымен қатар Премьер-Министр бүгінгі күні өңірлердегі газбен жабдықтау нысандарының саны мыңнан асатындығына назар аудартты.

«Олар қайта жаңғыртуды қажет етеді. Бұл ретте, қазіргі уақытта, осы нысандарды әкімдіктерден пайдаланушы ұйымдардың балансына беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге бұл орын алып отырған дефектілерді, жөндеуді және қажетті құжаттарды қалпына келтіруге байланысты қосымша шығынға әкеліп отыр. Осыған орай Түркістан, Ақтөбе, Жамбыл, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарының және Алматы қаласының әкімдіктері жергілікті бюджеттен қажетті қаражатты қарастырсын», - деді Асқар Мамин.