9 қараша мен 31 желтоқсан аралығында автомат арқылы темір жол билетін комиссиясыз рәсімдеу акциясы іске қосылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгінде теміржол билеттерін «Жолаушылар тасымалы» АҚ 165 билет кассасынан, шамамен 3 мыңдай агенттік кассаларынан, соның ішінде Амадеус сауда орындары мен пошта бөлімшелерінен, «ҚТЖ» ҰК» АҚ bilet.railways.kz сайтынан, сондай-ақ «ҚТЖ билеті» мобильді қосымшасын қосқанда 15 интернет сайттан сатып алуға болады.
Бұдан басқа, теміржол билеттерін вокзал аумағында және одан тыс орнатылған шамамен 30 мыңдай өзіне-өзі қызмет көрсету автоматтарынан («Касса-24» и «QIWI») сатып алуға мүмкіндік бар. Интернет және өзіне-өзі қызмет көрсету автоматтары арқылы теміржол билеттерін онлайн сату үлесі тұрақты өсім тенденциясымен 47% құрайды.
«Теміржол билетін сату жүйесін жетілдіру шеңберінде бірнеше жаңашылдықтар бар екенін қаперге саламыз. Мысалы, мүгедектігі бар тұлғалар bilet.railways.kz сайты арқылы теміржол билетін жеңілдікпен сатып ала алады. Сонымен қатар, bilet.railways.kz сайты «Каспи банк» АҚ процессингімен толықтырылды және де бұрындары билет кассаларынан POS-терминал арқылы төленіп қойған теміржол билетін қайтару кезінде жолаушы картасына ақшаны автоматты түрде қайтару функциясы жүзеге асырылды» делінген хабарламада.
Сондай-ақ Touch ID және Pin-код – саусақ ізі көмегімен «ҚТЖ билеті» мобильді қосымшасы қолданушыларын аутентификациялау функциясы іске қосылды.
Өткен жылдан бері билет болмаған кезде тіркелуге және кезек тәртібімен билет сатып алуға мүмкіндік беретін электрондық «Күту парақшасы» функциясы жұмыс істеп тұр.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ теміржол билеттерін сатып алу үшін онлайн жүйені пайдалануға кеңес береді.