Көліктегі мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов 1 маусымнан елімізде кезең-кезеңмен ішкі теміржол қатынасын жандандыру шараларына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тиісті қаулыда теміржол вокзалдарының басшылығы, тасымалдаушылар мен жолаушы тасымалдауда қызмет көрсететін ұйымдар қамтамасыз етуі тиіс басты шаралар айқындалды. Оның ішіндегі негізгілеріне тоқталсақ, вокзал ғимаратына кірер алдында жолаушыларда медициналық маска мен жол жүру билеті болуы керек. Сонымен қатар, ғимаратқа кірер кезде вокзалдың өзіндік қауіпсіздік қызметі термометрия жүргізетін болады», - деді С. Байғабылов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның сөзіне қарағанда, теміржол вокзалдары жұмысын жандандыру мен вагондардың қозғалысын қамтамасыз ету алдында кондиционерлеу жүйесі толық тексеріліп, фильтрлер ауыстырылады.
«Пойыздарда дезинфекциялық режимді күшейту маңызды талаптардың бірі болады. Мұнымен қоса, пойыз бригадалары, қызметкерлер маскамен жүруі керек. Вагондар арасында жолаушылардың қозғалысына шектеу енгізіледі», - деді ол.
Белгілі болғандай, жолаушыларды шығарып салуға бірге ілесіп келген адамдар вокзал ғимаратына кіргізілмейді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020 жылғы 1 маусымнан бастап Мемлекеттік бас санитар дәрігердің талаптарын сақтауды ескере отырып, кезең-кезеңмен ішкі теміржол қатынасын жандандыру жоспарланып отыр.