Сейсенбі күні жарияланған есепке сәйкес, «Дельта» штаммы қазіргі уақытта Португалияда анықталған коронавирустың жаңа жағдайларының 90%-ға жуығынан табылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Португалияның қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық институтының мәліметіне сәйкес, Үндістанда алғаш рет анықталған нұсқаның жиілігі өткен аптада 89,1%-ға жетті. Бұрын бұл көрсеткіш шамамен 45,8%-ды құраған болатын.
Сонымен қатар, Португалияда коронавирус жұқтырудың жаңа жағдайларының саны артып, күніне 2000 жағдайдан асады.
Португалияның Денсаулық сақтау министрі Марта Темидо жергілікті теледидарға берген сұхбатында жағдай өзгермесе, бұл көрсеткіш шілде айының ортасына қарай екі есе артуы мүмкін екенін ескертті.
Пандемияның тағы бір толқынының алдын алу үшін Португалия үкіметі ең көп зардап шеккен 45 муниципалитетке, оның ішінде ел астанасы Лиссабон мен елдің екінші үлкен қаласы Портода түнгі уақытта коменданттық сағатты енгізуге шешім қабылдады.
Алайда министр үкіметке жаңа төтенше жағдай жарияламай жаңа шектеулерді қалпына келтіру қиын болады деп мәлімдеді, бұл республика президенті Марселу Ребелу ди Создың қолдауын қажет етеді.
Португалия ұлттық вакцинация кампаниясының қарқынын жеделдетуге тырысуда, дүйсенбіде жаңа рекордқа жетті – бір күнде шамамен 141 мың доза егілді.
Португалия халқының үштен бір бөлігі қазірдің өзінде ьолығымен вакциналанғанын ескере отырып, 10 миллион халқы бар Еуропа елі вакцинация деңгейі бойынша әлемде бірінші орынға шықты. Бір тәулікте жергілікті тұрғындардың шамамен 1,49% -ы вакцина алады.