1987 жылдың шілде айында Польшадағы «Ынтымақтастық» (Солидарность) астыртын ұйымы Халық қаһарманы, Желтоқсан оқиғасының батыры Қайрат Рысқұлбековтің құрметіне пошта маркасын шығарған. Бұл туралы елордада өткен Желтоқсан оқиғасының тарихи және халықаралық маңызына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда поляк ғалымы, Азияны зерттеу институтының президенті, PhD докторы Владыслав Соколовский айтты.
Маркада шалқасынан құлап жатқан ер адамның бейнесінің үстінде «Қ.Рысқұлбековке рақымшылық жасалсын. АЛМА-АТА 18.06.1987» деп жазылған. Горбачевтің суретінің астында «Ашықтық қайда!?» деген сұрақ тұр.
— Марканың астыңғы жағындағы жазу поляк тілінен аударғанда «Марканы сатудан түскен табыс «Еркіндік пен бейбітшілік» қозғалысына беріледі» деген жазу,— деді Владыслав Соколовский.
Варшавадан келген ғалым Желтоқсан оқиғасы туралы 1986-87 жылдары Польшада елуден астам мерзімді басылымда жарияланған материалдарға шолу жасады.
Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков 1986 жылы 16-18 желтоқсанда Алматыдағы оқиғаға белсене қатысқан жастардың бірі екені белгілі. Қ.Рысқұлбеков 1987 жылғы 16 маусымда Қазақ КСР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі коллегиясы үкімімен ең жоғарғы жаза — өлім жазасына кесіліп, кейін ату жазасы 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылған болатын. Алайда, Қ.Рысқұлбеков түрмеде құпия жағдайда қаза болды. Қазақстан егемендік алғаннан кейін ғана Қайрат Рысқұлбеков Қазақстан Жоғарғы Соты Пленумының 1992 жылы 21 ақпандағы шешімімен толықтай ақталды. 1996 жылғы 9 желтоқсанда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қ.Н. Рысқұлбеков қайтыс болғаннан кейін Халық Қаһарманы атағымен, «Отан» орденімен марапатталған.
Осы орайда, Польшаның «Ынтымақтастық» ұйымы туралы да аз-кем айта кетейік. Жұмысы тоталитарлық режимге, коммунистік жүйеге қарсы бағытталған «Ынтымақтастық» Польша кәсіподақтары бірлестігінің қызметі 1989 жылдың сәуірінде ғана заңдастырылған. Қазіргі таңда ол Польша Республикасының кәсіподағы деген атпен жұмысын жалғастыруда. Ұйымның негізін қалаған Лех Валенса 1983 жылы «Адам құқы үшін күрескер» ретінде Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығымен марапатталғанын атап өту керек.
Арнұр АСҚАРОВ, «Егемен Қазақстан»