23 мау, 2020 сағат 12:27

Полиция қызметкері үшін ұстамды болу, азаматтармен тіл табыса білу де аса қажет - Бақытжан Асқаров

Ішкі істер саласында 24 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Бақытжан Асқаров бүгінде Түркістан облыстық полиция департаменті патрульдік полиция басқармасының аға инспекторы қызметін атқарады. Жұмыс барысында көбіне күзетілетін тұлғаларға жол бастап жүретін азамат уақытпен санаспай қызмет етуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қонақтардың арасында қауіпсіздігі арнайы заңмен бекітілген тұлғалар мен шетелден келетін туристер де бар. Қиын да әрі жауапты жұмысты атқару барысында полицей әріптесі Қайрат Әлібеков екеуі көлік жүргізеді. Олар қонақтарды межелі жерге жеткенше жоғары жылдамдықты түсіруге және тоқтауға болмайды.

«Жауапты жұмысты абыроймен атқару біз үшін үлкен міндет. Сондықтан бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Күзетілетін тұлғалардың жолдағы қауіпсіздігін сақтап, кептелістерге кезікпей тез арада межелі жерге жеткізуге тырысамыз. Жолда жүрген соң, әртүрлі оқиғаларға кездесеміз. Қиындықтарды қызықты жәйттар жеңіп кетеді»,– дейді полиция аға лейтенанты. 

Бақытжан Асқаров әріптесімен бірге таңертеңнен кешке дейін көлікте жүреді. Сондықтан ішер асты да көлікке салып алады. Себебі, тоқтап түстенуге, кешкі асты жайбарақат жеуге мүмкіндік жоқ. Жұмыс солай. Уақытқа бағынбайды. Түскі мезгілде, кешкі ас уақытында жолда болуы ғажап емес.

«Елбасымен, Премьер-Министрмен және өзге де министрлермен бірге жүрдік. Шетелдік қонақтардың қасында жүреміз. Жолда әрдайым үлкен жылдамдықпен жүреміз. Оқыстан көлік шығып қалатын кездер көп болады. Өткен жылы Арыс қаласында төтенше жағдай болған тұста дереу жолға шықтық. Басшылардың көлігінің алдында біз жүріп отырдық. Қиылыстың бірінде жигули көлігі ешқандай белгі берместен оқыстан солға бұрылып қалды. Соғысуға сәл-ақ қалдық. Тәжірибенің арқасында көлік апатына жол бермедік. Соңымыздан келе жатқан басшыларда бірден тоқтап, жағдайымызды білді. Дереу көлікті оталдырып, жұмысымызды жалғастырдық», – дейді Б.Асқаров. 

Бүгінде Бақытжан Жұмабайұлының қызмет бабында қол жеткізген марапаттары көп. Министрліктен, облыс әкімінен алған алғыс хаттары бар. Одан бөлек мемлекеттік медальға да ие болған. Отбасында жұбайы Жанармен үш қыз, екі ұл тәрбиелеп, өсіріп отыр. Қазір екі немересі бар. Ұлы Мақсат оның жолын қуып, Түркістандағы патрульдік полицияда қызмет атқаруда. Ал, келіні Гүлназ Шымкент қаласындағы патрульдік бөлімде еңбек етуде. Екеуі де Алматыдағы академияда жоғары білім алған.

«Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болу мен азаматтармен тіл табыса білу, сыпайы болу да аса маңызды. Үйде ұл-қызыма, жұмыста әріптестеріме әрдайым білген кеңесіммен бөлісіп отырамын», – дейді аға лейтенант.