10 қаз, 2020 сағат 11:53

Пластикке қарсы күрес: «Jasyl Arystan» қазақстандықтарды эко-идеялармен бөлісуге шақырады

Пластикті тұтынбау, эко-бастамаларды қолдау, пластикалық қалдықтармен күрес бойынша халықаралық тәжірибені зерттеу. Еліміздегі жаңа ауқымды эко-жоба осындай мақсаттарды көздейді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен сараптамалық брифингте «Jasyl Arystan» ЖҚ басқарма төрайымы Гүлнар Ережепова хабарлады.

Қазірдің өзінде халықаралық ұйымдармен «пластикалық індеттің» алдын алу үшін мемлекеттік деңгейде шаралар жүйесін енгізу қажет екендігін түсіндіру үшін диалог орнатылды. Сондай-ақ, эко-роликтер әзірлеп, түрлі медиа алаңдарда трансляциялау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қоқысты қарапайым сұрыптау бойынша шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. 

«Қазақстан халқы арасында идеялар ұсыну бойынша 2 айлық Хакатон өткізу де жоспарда бар. Ең үздік эко-бастамалар бейіндік ұйымдардың қолдауын табады және оны мүдделі тұлғалар, меценаттар іске асырады деп ойлаймыз. Бұл елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті және эко-индустрияны одан әрі дамытуға әсер етеді. Осылайша, жобаны екіге бөлуге болады: ағартушылық және инфрақұрылымдық», - деп атап өтті Қор басшысы.