28 сәу, 2020 сағат 14:35

Петропавлда өрт шыққан үйден 11 бала эвакуацияланды

Бүгін Петропавлда бес қабатты үйден өрт шығып, 36 адам, соның ішінде 11 бала қауіпсіз жерге шығарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Солтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, К.Сүтішев көшесі, 51-үйден өрт шыққандығы жөнінде хабар сағат 11.30 шамасында түскен. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар бес қабатты үйдің үшінші қабатындағы пәтердің балконы жанып жатқанын көріп, бірден іске кіріскен. Түтінге оранған подъезден 36 тұрғынды, соның ішінде 11 баланы қауіпсіз жерге шығарды. 

Сағат 12.00 шамасында жалын толығымен сөндірілді. Өрт сөндірушілердің жедел қимылы арқасында басқа пәтерлерге зақым келген жоқ. Алайда, от тұтанған баспананың және оның балконының терезесі жанып кетті. Сондай-ақ үй мүлкіне зақым келді. Қазір өрттің шығу себебі және келген шығын мөлшері анықталып жатыр. 

Мамандардың айтуынша, жыл басынан облыста 181 өрт тіркеліп, 16 адам, соның ішінде екі бала қаза тапты.