Фото: ҚР ОАМ
Петропавлда Қозыбаев университеті ұйымдастырған «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Шараға Әзірбайжан, Франция, Түркия, Ресей, АҚШ және Қазақстаннан келген ғалымдар мен сарапшылар қатысты, деп хабарлайды Ult.kz.
Конференцияға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.
Ботай қонысы – б.з.д. IV мыңжылдыққа жататын, адамзат тарихында алғаш рет жылқы қолға үйретілген археологиялық ескерткіш. Бұл жаңалықты 1980 жылдары археолог Виктор Зайберт ашқан.
Іс-шара аясында Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында халықаралық семинар өтті. Мұнда 15 студент археологиялық қазба жұмыстарына қатысып, зерттеу нәтижелерін таныстырды. Экспедицияны профессор Анатолий Плешаков басқарды.
Вице-премьер Ермек Көшербаев Ботайдың Қазақстан мен түркі әлемі үшін тарихи маңызын атап өтіп:
«Ботай – біздің өркениетіміздің бастауы. Мұндай мұралар болашақ ұрпақты шабыттандырады және туризм мен ғылымның дамуына серпін береді», – деді.
Қозыбаев университеті Ботайды сақтау және мұражайландыру үшін Археоэтнопарк құру жобасын алға тартып отыр. Мұнда қалпына келтірілген тұрғын үйлер, музей экспозициялары және туристік бағыттар ұсынылатын болады.
