Су алған саяжай маңы. Петропавл, 2020 жылдың сәуірі.
Петропавлда Есіл өзенінің деңгейі 1042 сантиметрге көтеріліп, 2300 саяжай уческесін су алды. Адам шығыны жоқ, саяжайдағы 260-тай тұрғын ескертуден кейін үйлеріне кеткен. Бұл туралы СҚО Төтенше жағдай департаменті хабарлады.
Департамент тасқын салдарынан Солтүстік Қазақстан облысын басып өтетін Челябинск-Новосибир тас жолындағы қозғалысқа шектеу қойылғанын, көліктер айналма жолмен өтіп жатқанын мәлімдеді.
Төтенше жағдай департаменті облыстағы Қызылжар ауданы маңындағы елдімекендерге қызыл су қаупі төнгенін, Прибрежное, Тепличное, Заречный және Соколовка кенттері жанында төтенше жағдай қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікте тұрғанын хабарлады.
"Өңірдегі шағын көлдер мен өзендерге еріген қар суынан төнетін қауіп деңгейі қалыпты. Ал Сергеев су қоймасынан Түмен облысының шекарасына дейін жақта, Есіл өзенінің бойында, 18 елдімекен орналасқан. Осы ауылдарды су басу қаупі бар" деді облыстық ТЖД басшысы Рамиль Камалов.
Департамент дерегінше, қазір Сергевка су қоймасындағы судың деңгейі 110 сантиметрге көтерілген. Ал Петропавл су қоймасы 114,8 пайызға толды.
Сәуір айының басында Сергевка су қоймасындағы су деңгейінің көтерілуінен 10 облыстық маңызы бар жолды су шайған еді.
Әкімдіктің хабарлауынша, СҚО-да су тасқынын алдын-алу үшін бюджеттен 500 миллион теңге бөлінген.