27 қаз, 2020 сағат 11:07

Педагог-кітапханашылар болады - Ғани Бейсенбаев

Мектеп кітапханашыларының әлеуетін көтеруге ерекше мән беріледі. Бұл туралы ҚР БҒМ «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғани Бейсенбаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Атқарылып жатқан жұмыстар кадрлық әлеуетті көтеруге негізделген. Бұл бағытта бірінші кезекте мектеп кітапханашысын педагог-кітапханашы деген атаумен өзгерту ұсынылып отыр. Ол бағытта Білім министрлігінің 123-ші бұйрығына өзгерістер енгізу жұмысы басталды. Сонымен қатар, мектеп кітапханашыларының біліктілігін көтеру бағытында жұмыстар іске асырылуда. Бұл орайда Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана тиісті шараларды жүзеге асыруда», - деді Ғ. Бейсенбаев Білім министрлігінің аппарат жиналысында.

Оның сөзіне қарағанда, мектеп кітапханашысының әлеуетін көтеру тұрғысында жаңа онлайн оқыту, білім жүйелерін енгізу ескерілген. 

«Кітапханалардың әлеуетін қарап шықтық, олардың жағдайы сын көтермейтіндігі көрініп тұр. Осы орайда тек көркем әдебиеттерді ғана қамтып қоймай, мектептегі кітапхананалардың материалдық-техникалық базасын күшейту мәселесін де жол картасына енгіздік», - деді орталық басшысы.