#
#
Cәрсенбі 23/09/2020

Павлодарлық медальқұмар немесе Қапеновтің ұяты қашан оянады?!

  • 28.06.2020
  • 0
  • 6016

Марапатқа, жалған атаққа құмарлыққа елімізде асқынып тұрған індет те тосқауыл бола алмағаны өкінішті! Тіпті Павлодар облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Бауыржан Қапенов індет күйіп тұрған кезеңді ақырын ғана қара басының пайдасына жаратып үлгергенін айтсаңызшы!

Қапенов басқаратын басқарма 28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін тиісті марапаттарға ұсыну міндетін арқалайтыны белгілі. Алайда басқарма басшысының орынтағына қонжиғанына аз ғана уақыт өтсе де, Қапенов жоғарғы жақтың салмақты наградасына өзгені ұсынып шаршамай-ақ, өзіне ала салыпты. Оны ұялмай-қызармай фейсбук парақшасында жария етті. Жағымпаздардың бір тобы мен оның «қамқорлығын» көріп жүргендер, әрине, шуылдасып құттықтай кетті.

Қапеновтің еңбек жолына үңілсек, 1985-1995 жылдары педагогикалық салада еңбек еткен. 1995 -1999 жылдары әлеуметтік саясат бөлімінің бас маманы, ішкі саясат бөлімі және әлеуметтік-мәдени сала меңгерушісі, Павлодар қаласы әкімінің ақпарат және қоғамдық келісім бөлімінің меңгерушісі болыпты. 1999-2009 жылдары ішкі саясат басқармасын, Павлодар қаласы ішкі саясат бөлімін басқарған, сондай-ақ, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

2009-2011 жылдары «Павлодартелерадио» кәсіпорнына басшылық етіп, 2011-2015 жылдары облыстық ішкі саясат басқармасына, 2015-2017 жылдары Павлодар облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөліміне жетекшілік етеді.

Кейінгі жұмыс орны – Павлодар облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары.

Осылайша әр қызметтің басын бір шалған Қапеновтің өмірбаяны оның ақпарат саласына қатысының аздығын, яғни, салада тиіп-қашып аракідік бір-екі жылдан ғана екі рет жұмыс істегенін айғақтап тұр.

Қапеновпен бірге «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен еліміздің өзге аймақтарынан марапатталғандар тізіміне үңілсеңіз, бәрі де бұқаралық ақпарат құралдары саласының отымен кіріп, күлімен шығып жүргендер. Қараңыз: Достан Ельдесов - «Қазақ үні» газетінің орыс редакцясының редакторы; Ғалым Жайлыбай - «Қазақстан жазушылар одағы» РҚБ «Жұлдыз» журналының бас редакторы; Унербек Жанабаев - «Qazaqstan» ҰТА ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының ақпараттық жобалар бөлімінің тілшілер желісінің телеоператоры; Еркін Жаппасұлы -

«Қазақстан жазушылар одағы» РҚБ «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясының меңгерушісі. Тізім осылай жалғасып кете береді. Тізімдегі көпшілік – оқырман мен көрерменге мақалалары мен сюжеттері арқылы аса таныс тұлғалар. Бірқатары - мақаласымен танылмаса да, күнделікті қызметінде сауатты баспасөз хабарламасын жазып, БАҚ-тың шынайы ақпаратпен толығуына үлесін қосқандар. Арасында Қапенов сияқты бір ақпар жазбастан, өзінің қызметтік лауазымын пайдаланып медаль алғандар жоқтың қасы.

Павлодар өңірінде осы марапатқа лайықты талай майталман журналист бар еді. Бірақ Қапенов олардың біреуін де көзге ілмей, өзінің қара басын әспеттеп әлек. Павлодарлықтар бұл жолы қалам ұстаған жүйріктердің тізімінде жападан-жалғыз жапалақ құсап жарбиып тұрған Қапенов үшін қатты ұялып отыр.

Осы тұста оқырман қауымның есіне Қапеновте медальдан жабысқан «дерт» бұрыннан барын ескерте кетпей және болмайды. Ол туралы белгілі ақын, халықаралық  «Алаш» әдеби сыйлығының  иегері Арман Қани жазып-жазып шаршады. Арман ағамыздың сөзінен үзінді келтірейік:

«1989 жылы Олжас Сүлейменов «Невада-Семей» антиядролық қозғалысын құрғанда  Павлодар облыстық партия комитетінің І хатшысы Ю.А. Мещеряков Семей полигонының Павлодар облысына қандай да бір зияндығы жоқ  деген көзқарасты ұстанды. Ол кезде Мереке Абылқасымов Май ауданы Чапаев кеңшары (қазіргі Саты ауылы) партия ұйымының хатшысы болып істейтін.  Өзінің осындай партиялық қызметіне әрі І хатшының әлгіндей  ұстанымына қарамастан  аудан орталығы Белогорьеде (қазіргі Көктөбе) алғашқы антиядролық митингті ұйымдастырды!  Сөйтіп,  обкоммен текетіресте амал таппай аңдысып тұрған қоғам белсенділеріне жол ашып берді! Нәтижесінде Май, Лебяжі, Баянауыл аудандары Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шегуші аудандар санатына енді де, он мыңдаған адам түрлі жеңілдіктерге, өтемақыға ие болды! 

Бұл - Мереке Абылқасымовтың және сындарлы кезеңде соның жанынан табылған азаматтардың  ерлікке жетеғабыл еңбегі екенін біз, «Невада-Семей» қозғалысының ардагерлері жақсы білеміз!

Тек, ең өкініштісі, «Невада-Семей» қозғалысына - 25 жыл» медалі олардың ешқайсысына тиген жоқ. Осынау марапатты қозғалысқа еш қатысы жоқ  Павлодар облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Бауыржан Капенов және онымен жақсы қарым-қатынастағы Юрий Павленко сияқтылар иеленіп кетті»...

Иә, Ертістің Кереку өңірінде «Невада-Семей» қозғалысына Бауыржан Қапенов деген азаматтың еңбегі сіңіпті дегенді естіген жан жоқ. Еңбегі сіңбесе де ол «Невада-Семей» қозғалысына - 25 жыл» медалін кеудесіне ұялмай тағып алды. Қызметіне байланысты полигон тақырыбындағы конференция немесе семинар бірдеңе  ұйымдастырса, өзі біледі. Бірақ бір медальдің құны бір конференция емес қой.

Осы жайтты азулы ақын Арман Қани Қапеновке де, әкім-қараларға да талай айтқанымен, тыңдар құлақ болмады. Болмағанының белгісі – Қапеновтің тағы бір төсбелгіні тағып алуы. Осылайша, тоғышар басшы төсбелгіге өзінің нағыз иесін табуға кедергі болып, обал қылды...

Нұрғали Байтақ, Павлодар облысы

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар