15 мау, 2020 сағат 08:06

Павлодардың тағы екі қаласында «109» қызметі іске қосылды

Павлодар облысының тағы екі қаласында пилоттық режимде «109» қызметі іске қосылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Өңір әкімдігінен мәлім еткендей, «109» Бірыңғай байланыс орталығы Павлодар қаласында биылғы наурыз айында жұмыс істей бастаған болатын. Енді шұғыл желіге Екібастұз және Ақсу қалаларының тұрғындары қоңырау шала алады.

Аталмыш орталық телефон арқылы тұрғын үй-коммуналдық сипаттағы және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мәселелер бойынша өтініштерді, шағымдарды, ұсыныстарды қабылдайды.

«Жұмыс кестесі - 24/7. Операторлар коммуналдық мекемелермен әрдайым тікелей байланыста. Сол себепті қабылданған өтініштер жылдам орындалады. Кезекші диспетчерлер өтініш берушілермен тұрақты байланыста болып, өтінімнің орындалу сапасын біліп отырады.

Енді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің, басқа да көптеген мекемелердің нөмірін есте сақтаудың қажеті жоқ. Сұрақтарыңыз туындаса, телефон арқылы «109» нөмірін терсеңіз жеткілікті.

Маусымның соңына дейін Екібастұз және Ақсу қалалары пилоттық режимде жұмыс істейді. Одан әрі жүйеге аудандар қосылады», - деді облыс әкімдігінен.

Мәлім етілгендей, «109» қызметі іске қосылғаннан бері 50 мыңнан астам қоңырау қабылданған. Оның ішінде 45 мыңы ТЖ режимі, әлеуметтік және коммуналдық төлемақы, блок бекеттерден өту сияқты консультацияларға байланысты болды. Ал, коммуналдық сала бойынша 5 мыңға жуық өтініш түскен.