Фото: ашық дереккөз
Павлодарда зорлау ісі бойынша жауабын өзгерткен қыз жалған айғақ бергені үшін сотталды, деп хабарлайды Ult.kz.
2025 жылдың қазан айында Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 35 жастағы ер адамға қатысты істі қарады. Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың мамыр айында ол 22 жастағы қызбен бірге пәтерде болған. Екеуі алкоголь ішкеннен кейін ер адам қызға интимдік қатынасқа түсуді ұсынған. Қыз бас тартқанымен, ер адам оны күш қолданып жақындыққа мәжбүрлеген.
Сотта іс бойынша барлық дәлелдер мен мән-жайлар жан-жақты қаралды. Нәтижесінде сотталушыға бірнеше қылмыс бойынша жазаларды біріктіру арқылы 5 жыл 2 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Алайда сот процесі барысында жәбірленуші бұрынғы көрсетілімін өзгертіп, интимді қатынас өзара келісіммен болғанын мәлімдеді. Соған қарамастан, іс материалдарындағы дәлелдер зорлау фактісін растады.
Сот барысында жалған айғақ беру фактісі бойынша қыздың өзіне қатысты бөлек қылмыстық іс қозғалды. Ол жауабын сотталушының достары мен туыстарының қорқытуынан кейін өзгерткенін айтқан.
Нәтижесінде сот оны кінәлі деп танып, 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
