Павлодарда жатақхана тұрғындары арасында коронавирустың әрі қарай таралуы туралы эпидемиологтардың болжамы расталды, деп хабарлайды Хабар24.kz.
Сайттан мәлім болғанындай, кеше аталмыш жатақханада тұратын 50 жастағы әйел ауруханаға жатқызылды.
Облыстың денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткендей, бүгін мұнда екі жаңа жағдай тіркеліп отыр. Жатақхана жедел штабтың шешімі бойынша сол түні карантинге жабылды, ал ғимарат маңайына күзетшілер қойылды. Ауқымды дезинфекция жүргізілді.
Еске салайық, 50 жастағы әйелдің соңғы бес күн бойы дене қызуы көтерілген, алайда осы уақыт бойы өзін-өзі емдеген. Соның салдарынан үй жағдайында ауырған әр күн сайын байланыста болған адамдар саны артып отырған.
«Жаңа екі жағдай бойынша – олар 1994 жылы туған ер азамат пен 1958 жылғы әйел. Олар бұрын коронавирус инфекциясы анықталған әйелмен отбасылық типтегі жатақханада бірге тұрған. Қазіргі уақытта науқастар инфекциялық госпитальде мельцерлік бокстарда жатыр»,-дейді Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Мақпал Қаржаубай.
«Егер клиникалық белгілер байқасаңыз, телефонмен хабарлау керек. Бұл туралы айтып жатырмыз. Ешкім тыңдамағаннан кейін болжау ғана қалады. Сол себепті тұрғындар осы ауыр үлгіден сабақ алуы керек деп ойлаймын. Медицина қызметкерлерінің көмегіне уақытылы жүгініңіз. Емханаға барудың қажеті жоқ, хабарласыңыз, сізге өздері келеді, қарайды және тиісті емдеу түрін белгілейді. Өтініш, өзіңізге және денсаулығыңызға мұқият болыңыз», деді эпидемиологиялық мониторинг тобының жетекшісі Сәуле Оспанова.