16 мау, 2020 сағат 09:12

Павлодар облысында карантиндiк шаралар күшейтілуі мүмкін

Жағдайдың одан әрі ушығуы карантиндi күшейтуге және шектеу шараларды қайта енгiзуге әкелуі мүмкін. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Облыстағы эпидемиологиялық жағдай күрделене түсті. Соңғы аптада коронавирусты жұқтырудың 112 жаңа жағдайы тіркелді. Індеттен қайтыс болғандардың саны 13-ке жетті. Бұл аймақтар арасындағы ең жоғары көрсеткіш, республика бойынша екінші орындамыз. Бүгін мен коронавирусты алдын алу мәселесіне арналған аймақтық жедел штабтың отырысын өткіздім. Оның барысында қалалар мен аудандардың әкімдеріне, құқық қорғау органдарына, сондай-ақ прокуратура органдары үлестіретін бақылау топтарына бірқатар тапсырмалар бердім. Өңірде коронавируспен күресудің кешенді жоспары қабылданды және қазіргі жағдайға қатысты барлық пікірлер ескерілді», деді әкім желідегі парақшасында.

Сондай-ақ, әкім жағдайдың одан әрі ушығуы карантиндi күшейтуге және шектеу шараларды қайта енгiзуге әкелуі мүмкін ескертті.

Бұған дейін ҚР Үкіметі жанындағы Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында әкімдерге өңірлердегі карантин шараларын күшейтуді қарастыру тапсырылған еді.

Қарағанды облысында карантиндік шаралар қайта күшейтілді. 13 маусымнан бастап өңірдегі сауда-ойын-сауық орталықтары, азық-түлік және азық-түлік емес базарларда шектеулі уақытпен жұмыс істей бастады.

Ал 14 маусымнан бастап Жамбыл облысында карантиндік шаралар күшейтілді және Көкшетау қаласында блокпостар қайта қойылды.