#
#
Жексенбі 09/08/2020

Павлодар облысында 800 орынды триаж-орталық пен провизорлық стационарлар ашылды

  • 02.07.2020
  • 0
  • 370

Павлодардағы «Баянтау» спорт сарайында пациенттерді қабылдау мен диагностикалау орталығы, ал Мойылды мен Ақсудағы шипажайларда қосымша провизорлық стационарлар ашылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, олардың әзірлігін өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов тексеріп шыққан. 
Павлодарда 2 шілдеден бастап триаж-орталық өз жұмысын бастады. Ол «Баянтау» спорт сарайында ашылып, сол жерде 150 провизорлық төсек-орын қойылған. Жедел жәрдем бригадалары бұдан былай пациенттерді ауруханалардан бөлек, «Баянтаудың» ғимаратына жеткізеді. Тәжірибелі дәрігерлер өз кезегінде диагностикадан өткізіп, пациенттерді стационарларға орналастырады. Орталық «таза» және «лас» аймақтарға бөлінген, әрі әрқайсында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес науқастарды қабылдау жолдары қарастырылған.

— Триаж-орталықтың іске қосылуы ауруханалар мен жедел жәрдем қызметінің жүктемесін азайтуы тиіс, – деді Әбілқайыр Сқақов спорт сарайын аралау барысында. — Бұл жерде науқастардың жағдайына байланысты жедел шешім қабылдайтын тәжірибелі дәрігерлер жұмыс істейтін болады. Барлық медицина қызметкерлері жеке қорғаныс құралдарымен толықтай қамтамасыз етілуі қажет. Персоналдың да, пациенттердің де эпидемиологиялық қауіпсіздігі аса маңызды.

«Мойылды» шипажайының ғимаратында бірден 500 провизорлық төсек-орын қойылды. Денсаулық сақтау басқармасының мамандары мен эпидемиологтердің бағалауы бойынша, бұл жер науқастардың ем қабылдауына жайлы, ал шипажайдың кірме жолдары ыңғайлы. Бұл ғимараттың іші де аймақтарға бөлінген. Аталған стационарға жағдайы ауыр емес пациенттер жатқызылады.

Ақсудағы «ЕЭК» АҚ емдеу-сауықтыру кешенінің негізінде 70 төсек-орын, ал «Еуразия» медициналық орталығында 80 төсек-орын қойылды. Қос ғимаратта да пациенттердің жайлы, әрі қауіпсіз жағдайда ем алуына жағдай жасалған.

- Осылайша, Павлодар облысында бір күнде қосымша 800 провизорлық төсек-орындар дайындалды. Облыс әкімі аралаған барлық мекемелердің қызметкерлерімен кездесіп, жедел штаб мүшелеріне ұйымдастыру сұрақтарын тез арада шешуді тапсырды, - деді баспасөз қызметінде.

Естеріңізге сала кетейі к, аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты туындаған мәселелерді жедел шешу мақсатында COVID-19-ға қарсы шараларды үйлестіруге арналған Жедел штаб құрылды. Штаб төрағалығын қолға алған Әбілқайыр Сқақов жұмыстың басым бағыттарын айқындап, әрқайсысына жауапты адамдарды бекітті. Мәселен, провизорлық стационарлар бойынша шараларды үйлестіру міндеті аймақтық денсаулық сақтау саласындағы тәжірибелі сарапшы облыстық онкодиспансердің директоры Мұрат Сүлейменовке жүктелді. 

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар