27 сәу, 2020 сағат 21:54

Павлодар облысына Шымкенттен келген тұрғыннан коронавирус анықталды

Бүгін сағат 23:00-дегі ақпарат бойынша Павлодар облысында 5 адамның коронавирус жұқтырғаны мәлім болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияның Жедел штабының мәліметтерінше, вирусты жұқтырған адамдардың төртеуі Павлодар облысының тұрғындары. 

Олар: 1984, 1979, 1963 жылдары туған әйел адам және 2011 жылғы ұл бала. Тұрғылықты жері бойынша байланыста болуы мүмкін болғаны үшін үй карантині режимін сақтап отырған. COVID-19 вирусын жұқтырғаны анықталғаннан кейін олар жұқпалы аурулар стационарына жатқызылған. 

Сондай-ақ, коронавирус инфекциясы Мичурино ауылының маңындағы блокпосттан өтпекші болған Шымкент қаласының тұрғыны, 1986 жылы туған ер адамнан анықталған. Оның қолында COVID-19 ауруын жұқтырмағанын растайтын анықтама болмағандықтан, ол карантиндік стационарға жеткізілген. Осылайша, тексеру нәтижелері бойынша оның коронавирусты жұқтырғаны анықталған. Ұлттық сараптау орталығының облыстық бөлімшесінің мамандары пәтерлерде, үйлердің кіреберістерінде, карантиндік госпитальде, жұмыс орындарында зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізді.

«Барлық жағдай бойынша байланыста болуы мүмкін адамдар тобы анықталып, оларды оқшаулау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Эпидемияға қарсы шаралар қолға алынған»,-делінген хабарламада. 

Қазіргі таңда Павлодар облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар 110 адам бар.