Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев саяси партиялардың үгіт-насихат жұмысы қалай жүргізілетінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Егер бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері белгілі бір партияға үміткер ретінде тіркелсе, ол азамат үгіт-насихат кезеңі барысында журналистік қызметін жүргізе алмайды», - деді Орталық сайлау комиссиясының отырысында Кемелбек Ойшыбаев.
Вице-министр сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары келісім негізінде эфир уақытын немесе баспа алаңын тіркелген партияларға үгіт үшін бөле алатынын жеткізді.
«Келісімнің шарттары қандай да бір партияларға басымдық бермеуі тиіс. Төлем мөлшері мен басқа да мәліметтер сайлауға 5 күн бұрын, яғни 4 желтоқсанға дейін БАҚ құралдарында, Орталық сайлау комиссиясы мен өңірлердегі бөлімшелерінің сайттарында жариялануы керек. БАҚ-қа жарияланған үгіт ақпаратында міндетті түрде сайлау қорынан бұл бағытта қанша ақша бөлінгені бірге жариялануы тиіс. Бұл мәселеге ерекше назар аударылуы керек», - деді ол.