Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы 21 баптан тұрады және жарты миллионнан астам ұстаздың жұмысына қатысты. Жалпы, заң жобасы төрт бағытты қамтиды. Біріншіден, ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстардан босату, олардың жүктемесін азайту. Екіншіден, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту. Үшіншіден, материалдық емес ынталандыру тетіктері, сондай-ақ төртіншіден, материалды ынталандыру қадамдары», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Оның сөзіне қарағанда, бірінші бағыт - педагогтардың құқықтары бойынша бірнеше норма қарастырылған. Олардың барлығы мұғалімнің жеке дамуына және оқу процесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Мұғалімдерді артық жұмысқа, өзінің қызметіне кірмейтін жұмысқа тартуға, шамадан тыс есеп беруге, қағазбастылыққа, негізсіз тексеру жүргізуге тыйым салу арқылы жүктемені азайту бойынша жеке нормалар көзделген.
«Педагог мәртебесін арттыру оның қызметіне қойылатын талаптарды күшейтуді қажет етеді. Осы орайда заң жобасына сәйкес, педагогикалық жұмысқа жіберілмейтін себептер де кеңейтілді. Бұдан бөлек, мұғалімдердің этика мәселелеріне де көңіл аударылып отыр. Әр білім мекемесінде әдеп бойынша кеңестер институты енгізіліп, жұмыс істейді», - деді министр.
А. Аймағамбетовтың айтуынша, мұғалімдердің балаларына балабақшаға бірінші кезекте орын беру нормасы қарастырып отыр. Барлық педагог қызметкерлер алдағы уақытта 56 күндік демалысқа шыға бастайды.
Сонымен қатар ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алу үшін басымдық берілмек. Білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін ер азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру нормасы да қарастырылған. Бұның алдында осы норма ауылдық жерге қатысты болса, қазіргі уақытта бұл норма кеңейтіліп отыр.
«Мемлекет басшысының Тамыз конференциясында берген тапсырмасының аясында төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысы екі есе артады. Бұл тұрғыдан алдағы қаңтар айынан бастап педагогтардың жалақысы 25 пайызға өседі. Депутаттардың қолдауымен осы бекітілген бюджетте тиісті қаражат қарастырылған. Біз осы жұмысқа қаңтардан бастап кірісуге дайынбыз», - деді Асхат Аймағамбетов.
Белгілі болғандай, оқу орындарының мұғалімдеріне магистр дәрежесі үшін қосымша ақы енгізіледі.
Айта кетейік, Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы да екі оқылымда қаралып, қабылданды.