Ақлима апа мен Әлима апа соңғы отыз жылдан астам уақыттан бері Парижде тұрады. Екеуі ауылдас, бүлдіршін кезден құрбы, сырлас. Қалың француздың ортасында жұтылып кетпей, қазақы қалпын, ұлттық салтын сақтап отырған аяулы да, ардақты қос қажы ана өңіне сөзі сай нағыз қазақты көрсе: «Міне, тұнық қазақ осындай болады ғой!..» деп тамсанып қояды екен. Осылайша, ол кісілермен дидар ғанибет, пікір алмасу кезінде талай тарихтың бетін парақтап қана қоймай, сонымен қатар өзім білетін «таза қазақ», «шала қазақ» дегенге сөздерге енді «тұнық қазақ» деген жаңа сөз тіркесін қосып алып, тіл байлығымды молайта түскеніме қуанышты болдым.
Ақлима апа Пәкістанда туып, Түркияда өсіп, Парижде орныққан жан. Өмірінде ешқашан да Қазақстанды көрмесе де, жаны қазақ, ойы қазақ, сөзі қазақ. Үш ұлдың анасы, он шақты немеренің әжесі болып үлгерген оның қазір қолында – ерекше есімді Айқұт атты кенже ұлы. Қонағына ыстық бауырсағын пісіріп, қолдан жайылған қамырын салып, ет асып бергенді ұнататын ол, «Парижге елден қазақ келіпті» дегенді естісе алып-ұшып тұрады екен. Қазақы қанның күштілігі осы болса керек. Ал Қазақстанда туып, Қазақстанда өсіп, бір ауыз қазақша білмей, өкінішке қарай, немерелеріне бір ауыз ұлттық дүние айта алмастан өмірінің соңғы аялдамаларына келіп қалған кей апалардан Ақлима апаның басты ерекшелігі осы дер едік. Бұл жолы да ол кісі ақ дастарханын жайып, бізді зор қонақжайлықпен қарсы алды. «Парижде елден келген, қазақылығын сақтаған бауырларымды көрсем қуанып, үйіме шақырып тұрам. Бұл жақта жағдайы жоқ қырғыздар көп кезігіп жатады. Соларға отағасым екеуміз кезінде көп көмектестік, үйсіз жүргенге баспанаммен бөлісіп, тамағы жоқтарға дастарханымды жайдым. Бірақ неге екенін білмедім, олар кішкене қайырымсыздау болады екен, кейбірі ренжітіп кетті. Мейлі. Құдайдан қайтады ғой», дейді апамыз күлімдеп.
66 жастағы Ақлима апаның кезінде ата-анасынан үйренген мақал-мәтелдерді ауызекі тілде жиі пайдаланып тұратынын байқадым. Қанмен келіп, сүйекке сіңген, санада бекіген қазақы қалыптың бұл да бір дәлелі болса керек. Бұрын өз басым естімеген, осы Ақлима апа айтқанда тұңғыш рет құлағым шалған мақал-мәтелді қойын дәптеріме түртіп отырдым:
- Жаман жүрсең шаңды аяқ дер,
Жақсы жүрсең салпы аяқ дер. (Немесе адамға ешқашан жақпайсың).
- Пейілмен бір шыны су берсең – бір серке сойғанмен тең. (Немесе ең бастысы, көңіл түзу болсын).
- Тұрмысында түк көрмеген – тұтам қазы жемеген. (Немесе тексіз адамнан қайыр жоқ)
- Жылай-жылай күн кешірер, Лақ маңырап таң кешірер. (Немесе қорғансыздың күнін кім түсінер?)
Әлима апа да ерекше жан. Жалғыз қызы Бахарды Қазақстанда қаражорға биін қайта жаңғыртқан, исі қазаққа танымал Арыслан атаның ұлына ұзатып, бүгінде ер жетіп қалған екі немеренің әжесі атанып отырған ол – әлемнің көп елін аралаған саяхатшы. Алайда, қанша елде болса да, өз елінің тарихы мен тұрмысын ұмытпай, көздің қарашығындай сақтап келеді екен. Кезінде әке-шешесі өзге он мыңдаған қазақ сияқты, Алтайдан Гималай тауын өзге де ауылдастарымен асып өтіп, Тахламахан шөлінде талай туысынан айрылып, Пәкістанға, одан әрі Түркияға барып тұрақтаған. Әлима апаның атасы атақты Қойшы батыр он екі ел керей қазағын Қытайдың озбыр саясатына құрбан етпей алып шығам дегенде қолға түсіп, ізкесушілер алдында қауіпті өз мойнына алып, қуғыншыларды негізгі көштен басқа жаққа адастырып, көштің дүйім жұртын аман сақтап, өзі құрбан болған есіл ер екен. Әзіл-қалжыңды жақсы көретін Ақлима апаның біз естіп-білмеген мақал-мәтелдері мен тұрақты сөз тіркестері де сатираға тұнып тұрды. «Мақал-мәтелдеріңізбен, қазақтың шымшыма сөздерімен бөлісе отырыңыз» дегенде, Әлима апамыз сөз мәйегін ағытып кеп жіберді. Үлгергенімше жазып алдым. (Бұған түсіндірме сөз жазбадым, бәрін де өзі айтып тұр):
- Ұл табатын қатынға улап-шулап қыз таптырдыңдар.
- Біз көрмеген бас-сирақ па еді?..
- Бұл кебіс – киген кебіс, мұрнына сиген кебіс.
- Денің сау болса, аштан өлмейсің, көштен қалмайсың.
- Күлген күле жетер, Етегін түре жетер.
- Айтып сөз өтпейді екен, Ұрып таяқ өтпейді екен.
- Берсе – же, ұрса – қаш.
Екі апаның қасында болып, өмір жолы мен дана сөзін қағазға түсірген:
Алма Сайлауқызы,
Париж