Фото:sport24.ru
Қазір әлем назары Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында екені рас. Спорттағы кіл мықтылар жиналатын дүбірлі доданың аяқталуына да екі-ақ күн қалды. Осы уақытта әр спорт сүйер қауымның өз сүйікті спортшысы, әр спортшының өз жанкүйері қалыптасып үлгерді. Сайыскерлердің арасында ерекше образдары мен харизмасымен, басқа да қызықты сәттермен көзге түсіп, халықтың гүбір-гүбір әңгімесіне арқау болғандары бар.
Қара нәсілді әнші
Париж өз стилінде Олимпиаданың ашылу салтанатын Сена өзенінде романтикаға, сән-салтанатқа толтырып өткізді.
Алайда Франция халқының арасында Париж Олимпиадасының ашылу салтанатында басты жұлдыз болып, ән салған Ая Накамураға қарсылар да аз болған жоқ. Оның түпкілікті француз емес, шығу тегі африкалық қара нәсілді болуы даудың басты себебіне айналды.
Францияны дүние жүзіне өз әндерімен танытып жүрген Накамура бәрібір де Олимпиада төрінде өнер көрсетті.
Фото: Franck Castel/Starface via ZUMA / ТАСС
Жұмыртқа дауы
Олимпиада ойындары бастала салысымен спортшыларға арналған асханадан шу шықты. Британдық спортшылар жұмыртқа жегілері келетінін, бірақ асханада жұмыртқа жоқ екеніне наразы болды. Содан анықтала келе Олимпиада қалашығында біраз азық-түлік жетіспейтіні анықталған.
Әкімшілік спортшылардан кешірім сұрап, олқылықтың орнын толтыруға уәде берді.
Олимпиадаға қатысқан ең жас және ең жасы үлкен спортшылар
Биыл Париждегі жазғы Олимпиада ойындарының ең жас қатысушысы 11 жастағы қытайлық Чжэн Хаохао болды. Тамызда 12 жасқа толатын жеткіншек скейтборт турнирінен сынға түсіпті.
Чжен жазғы Олимпиада іріктеуінде 51,73 ұпай жинап, 44 қатысушы ішінде 20-орын алған.
Фото:Getty Images via AFP
Ал Олимпиададағы ең егде спортшының жасы – 65-те. Ол - испаниялық шабандоз Хуан Антонио Хименес. Қарт сайыскер ат спортынан қатысып жатыр екен.
Фото:ANCCE1 / youtube.com
Олимпиадада сөз салу
Париж тек спорттың қаласы емес, романтиканың, махаббаттың астанасы екенін қытайлық спортшылар еске түсірді. Олимпиаданың алтын медалін иеленген Қытай бадминтоншысы Хуан Яцюн серіктесі Чжэн Сывэй екеуінің марапаты біткеннен кейін, Қытай құрамасының мүшесі, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Лю Юйчэнь бадминтоншы Яцюнға тізерлеп тұрып, ұсыныс жасады.
Фото: Сhina-news-online.com
Франциялық жеңілатлет Алис Фино да ғашықтар қаласында сүйіктісіне сөз салды. Ол "мәре сызығын кескеннен кейін көп күтпей өзім ұсыныс жасайын деп шештім" дейді. Ол мәреге төртінші болып келді.
Ол өз сұхбатында "тоғыз минуттың ішінде жүгіріп шықсам сөз саламын дедім. Тоғыз деген маған сәттілік әкелетін сан. Біз тоғыз жылдан бері біргеміз. "Париждегі махаббат" деп жазылған ілгекті сыйладым", – деді спортшы.
Фото: Hannah Peters/Getty
Жеңілістің көз жасы
Ешқашан жеңіліп көрмеген жапон дзюдошысы Ута Абэ өзбекстандық Диора Келдиоровадан жеңіліп қалғаннан кейін көз жасына ерік беріп, еңіреп жылады. Ал оның қарсыласы Келдиорова өз жеңісін өзбек әйелдеріне арнады.
Абэ әлемдік рейтингте бірінші орында тұрған, Токио Олимпиадасының чемпионы. Ол осы Олимпиаданың басты фавориті саналған еді. Жапондық дзюдошының жеңілісті қалай ауыр қабылдағаны дүйім жұрттың назарын аударды. Оның еңіреп жылаған дауысы тіпті шулы залды өзіне қаратты.
Фото: Dok. Twitter Paris Olympics
«Киллер» спортшы
51 жастағы Юсуф Дикеч Париж Олимпиадасында пневаматикалық тапаншамен атудан жарысқа түскен. Серігі Шевваль Илайда Тарханмен бірге аралас сында күміс жүлдеге ие болды.
Оның жарысқа арнайы киім мен көзілдіріксіз, құлаққапсыз шығып, қолын қалтасына салып жүріп, Олимпиаданың күміс медалін алып кеткені көрермендерді таңғалдырды. Сөйтіп Юсуф Дикечтың фотосуретін көргендер оған «киллер» сияқты деп әзілдеп, Олимпиада меміне айналдырды. Қазіргі Юсуфты Олимпиаданы бақылап отырған әрбір көрермен біледі десек артық емес.
Ол өз сұхбатында арнайы киім мен құрал-жабдық асынса өзін жайсыз сезінетінін, сондықтан өзіне ыңғайлы киіммен сайысқа шыққанын айтқан.
«Түркияда ғана емес, әлемде танымал болып шыға келдім. Адамдар әлеуметтік желілерде мені белгілеп, жекеме жазып жатыр. Өте қуаныштымын", – деді Юсуф Дикеч.
Түрік жандармериясында істеген Дикеч 28 жасынан бастап кәсіби спортпен айналыса бастаған. Ол 2008 жылдан бері бес рет жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан.
Жүкті спортшылар
Мысырлық семсерлесуші Нада Хафез құрсақтағы жеті айлық баласымен Олимпиадаға қатысып, 1/8 финалға дейін жетті. Үш мәрте Олимпиада ойындарына қатысқан жас ана осы жолғының жөні бөлек дейді. Ол өз сұхбатында «екі адам семсерлескенімен, үш адам сайысқа түсті» -дейді.
Садақ атудан сынға түскен әзербайжандық мерген Яйлагюль Рамазанованың да құрсағында жеті айлық баласы болған. Ол өзін қолдап жатқан жанкүйерлерге алғысын білдірді. Себебі аяғы ауыр болып жүріп Олимпиадаға дайындалу оңай болмаған және өзінің жарыстағы нәтижесіне көңілі толмаған.
Фото:elitar.kz
Трансгендер дауы
Олимпиада ойындарында алжирлік боксшы Иман Хелиф италиялық Анжела Каринамен жекпе-жекке шыққан, алайда 46 секундың ішінде Иман Хелиф қарсыласына қатты соққы жасап, Анжела Карина ойынды тоқтатқан. Италиялық боксшы қарсыласының соққысы жойқын екенін айтып, шағымданды. Ал Хелифтің өзінің алапат күшін "көп жылғы еңбектің жемісі" деп түсіндірді.
Фото:championat.com
Кейін алжирлік боксшыға қатысты «бұрын ер адам болған, кейін жынысын ауыстырған екен» деген сыбыс шықты. Дәл осылай тайвандық Линь Юйтинға қатысты да жел сөз тарады. Алайда бұл сыбыс расталмады.
Екі спортшы да әйел болып дүниеге келген, трансгендер емес. Олар - интерсекс, яғни тестостероны жоғары әйелдер. Бұл спортшыларда XY ерлерге тән хоромосомалар анықталған.
Айта кетейік, Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындары әлі аяқталған жоқ, яғни әлі де небір қызық күтуге болады.
Ал Қазақстанның еншісінде қазір 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде бар.
Балжан Жеңісқызы, ULT.KZ