Париждің батысындағы Шампиньи-сюр-Марн коммунасындағы полиция комиссариатына арматура және пиротехникамен қаруланған белгісіз біреулер шабуыл жасап, ғимарат пен жақын маңдағы көліктерге зақым келтірген. Коммунаның мэрі Лоран Жан жексенбіде CNews телеарнасындағы эфирде шабуылға қырыққа жуық адам қатысқанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Екі полиция қызметкері түн ортасында комиссариаттың кіреберісі алдында темекі шегіп тұрған кезде арматурамен қаруланған 40 шақты жас жігіт шыға келген. Олар ғимаратқа кіруге әрекеттенген. Қайғылы жағдайдың алдын алдық, қызметкерлер ішке кіріп үлгерді», - деді ол.
Мэрдің айтуынша, шабуыл жасағандар 10 минуттай алаңға отшашулар атқан, олардың шоқтары бүкіл аумаққа шашырап кеткен. Телеарнаның эфирінде көрсетілген кадрларға қарағанда, пиротехникалық және басқа да заттармен атқылау салдарынан алдыңғы есіктің терезелері мен әйнектері сынған, ғимарат алдындағы автотұрақтағы бірнеше көлік өртеніп кеткен. Полицейлердің ешқайсысы зардап шеккен жоқ.
Қазір шабуылға қатысты тергеу жүргізілуде. Әзірге билік бұл оқиғаға нақты қанша адамның қатысы барын анықтай алмай жатыр.